«ҚР Үкіметінің төтенше резервінен табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне келген зиянды өтеуге Жамбыл облысының әкімдігіне ағымдағы нысаналы трансферт түрінде аудару үшін 3 756 300 171 теңге сомасында қаражат бөлінсін. Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін. Жамбыл облысының әкімдігі 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлінген қаражатты мақсатты пайдалану жөніндегі есепті ұсынсын», - делінген Үкімет қаулысының жобасында.
Таңертең өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулы бүгін қабылданатынын айтып еді.
Еске салайық, 22 тамызда Премьер-Министрдің өкімімен су тапшылығы болған Жамбыл облысындағы 6 ауданда өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Артынша егіс алқабы қурап кеткен жамбылдық шаруалардың шығыны өтелетіні белгілі болды.