Егістіктер тозып барады, тыңайтқыш қолдану көрсеткіші неге төмен

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Ғалымдар ауыл шаруашылығы жерлерінің жылдан-жылға құнарсызданып бара жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Елімізде минералды тыңайтқыштарға арнайы субсидия беріледі, сонда да қара жерге нәр беретін игілікті пайдалану кең тарай қоймаған. Бұл нарықтағы ахуалды Kazinform тілшісі зерделеп көрді.

Ғылымға сүйене отырып жұмыс істеу

Ауыл шаруашылығы саласында ғылымға бағына отырып жұмыс істеу - аса маңызды нәрсе. Бірақ әрдайым олай бола бермейді. Егіншілік мәдениеті төмен, жерді пайдалану «бізден кейін дүние күйіп кетсе де бәрібір» деген принциппен жүреді. Бұл жағдай жердің деградациясы сияқты өзекті мәселені одан әрі ушықтыра түседі.

БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің шамамен 75 пайызы шөлейттену, тұздану, эрозия және тозу сияқты әртүрлі деградация формаларына ұшыраған.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жерді зерттеу мемлекеттік институтының деректеріне сәйкес, соңғы жылдары топырақтың құнарлылығы 17 пайызға төмендеген, бұл ауыл шаруашылығы дақылдары өнімділігінің азаюына әкеліп отыр.

— Қазақстандағы топырақтың деградацияға ұшырау себептері кешенді сипатқа ие. Біріншіден, бұл — баяғыдан қалыптасқан егістік жерлерді топыраққа қоректік заттарды жеткілікті түрде қайтармай, яғни ешбір құнарландыру жұмыстарын жүргізбестен пайдаланатын экстенсивті жер өңдеу тәжірибесіне байланысты. Екіншіден, климаттың өзгеруі, әсіресе оңтүстік пен батыс аймақтарда шөлейттену үдерістерінің күшеюіне байланысты. Сондай-ақ заманауи топырақ өңдеу мен суару технологияларының жеткіліксіз деңгейде енгізілуін атап өтпеске болмайды, — дейді топырақтанушы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Амангелді Жұмабаев.

Оның айтуынша, жағдайды өзгерту үшін, алдымен жер жағдайын жүйелі түрде бақылап, аймақтық топырақ құнарын арттыру бағдарламаларын әзірлеу керек. Сондай-ақ ол бағдарламаға органикалық және минералды тыңайтқыштарды себу жұмыстары енуі тиіс. Басым бағыт ретінде — егіншіліктің тұрақты тәжірибелерін енгізу, соның ішінде егіс ауыстыру, топырақты минималды өңдеу және аграрлық орман мелиорациясы саналуы тиіс.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасында (2021–2030 ж.ж.) топырақ құнарлылығын сақтау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмей отырғаны айтылады. Құжат әзірленген уақытта минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі ғылыми негізделген норманың бар болғаны 23 пайызын алған. Бұл жағдайды түзету үшін көрсеткішті 2030 жылға қарай 50 пайызға жеткізуге бағытталған жүйелі шаралар әзірленген.

«Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер» бөлімінде аталған көрсеткішке жету үшін мынандай өсім болуы керектігін жазылған:

  • 2022 жыл – 25%
  • 2023 жыл – 26%
  • 2024 жыл – 27%
  • 2025 жыл – 29%
  • 2026 жыл – 30%
  • 2027 жыл – 32%
  • 2028 жыл – 35%
  • 2029 жыл – 38%
  • 2030 жыл – 50%.

Қазіргі таңдағы нәтиже қандай? Біздің агенттік жолдаған ресми сауалға жауабында Ауыл шаруашылығы министрлігі «бүгінгі күні минералды тыңайтқыштарды енгізу ғылыми қажеттіліктің 40 пайызынан аспайтынын» мәлімдейді. Бұдан кестедегі талаптың әзірше орындалып келе жатқанын байқаймыз.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Субсидиялардың қолжетімділігі

Тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 30 пайызға дейін арттыра алады. Осы орайда «минералды тыңайтқыштар неге кең қолданысқа ие емес?» деген сұрақ туындайды. Олар шаруалар үшін қаншалықты қолжетімді?

Қолжетімділік мәселесі жайлы айтқанда біз субсидия тақырыбын айналып өте алмаймыз. Бұл тұрғыда еліміздің ауыл шаруашылығында кемшіліктер болды. Мәселен, былтыр Мәжілістегі отырыста Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов субсидиялау жүйесін қатты сынға алды. Ол бұл салада «ойын ережелерінің» жиі өзгеретінін — 5 жыл ішінде 70-тен астам өзгеріс болғанын атап өтті. Көптеген өтінім бойынша субсидиялардың төленуі екі жылға дейін кешіктірілген. Ал алушыларға талдау жүргізілмеген.

- 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге көлемінде субсидия төленген, олар субсидия алғанға дейін немесе кейін қызметін тоқтатқан. 5,4 млрд теңге көлемінде субсидия алған 3 мыңға жуық заңды тұлға мүлде АӨК субъектісі болмаған, — деген еді Әлихан Смайылов.

Минералды тыңайтқыштарға берілетін субсидиялардың да ережелері өзгерген. Былтыр жемқорлық тәуекелдерін азайту және қолжетімділікті арттыру мақсатында қаражат отандық өндіруші зауыттарға тікелей төлене бастады.

— Ең басты ынталандыру шарасы мынау: фермерлер тыңайтқыш құнының тек 40 пайызын төлеу арқылы зауытқа тапсырыс бере алады. Қалғаны субсидия түрінде зауытқа аударылады. Бұл шара фермерлерге де, отандық өндірушілерге де зор қолдау көрсетеді. Қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету үшін зауыттар пайдаланылмаған қаражатты бюджетке қайтарады, — деп хабарлады министрлік.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 46,4 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 17 млрд теңге аванстық механизм арқылы іске асыруға бағытталған. Биылғы жылы бағдарламаға бөлінген қаржы екі есеге жуық өсіп, 83,4 млрд теңгеге жеткен (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 35 млрд теңге, үкімет резервінен – 48,4 млрд теңге).

Сондықтан мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтатын болсақ, бұл бағыттағы көмек айтарлықтай ауқымды. Ал төлемдердің кешігуі болмайды деп болжауға да негіз бар.

«Биылға арналған бюджет субсидиялары ай сайын әкімдіктердің бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес зауыттардың арнайы шоттарына аударылады», – деп сендірді министрліктен.

— Ауыл шаруашылығымен айналысатын, әсіресе ондаған жыл бойы бір жерде жұмыс істеп, өнімділіктің төмендеуіне тап болған шаруалар бұл проблеманы жақсы түсінеді. Алайда тұрақты агротехнологияларды енгізу деңгейі әлі де жеткіліксіз. Басты кедергі – экономикалық қиындық. Жаңа технологияларды енгізу бастапқы инвестицияларды талап етеді, ал фермерлер, әсіресе шағын шаруашылықтардың әрдайым мұндай қаржысы бола бермейді, – деп атап өтті профессор А. Жұмабаев.

Дегенмен, сарапшының айтуынша, субсидиялау жүйесі жұмыс істейтін, білім мен техникалық қолдау қолжетімді жерлерде оң өзгерістер байқалады. Сондықтан басты міндет – тұрақты егіншілікті экологиялық жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді ететіндей жағдай жасау.

Фото: energyprom.kz

Ал зауыттар ше?

Үшінші — отандық зауыттардың минералды тыңайтқыштарға деген ішкі сұранысты қамтамасыз ете алуы мәселесі.

Министрлік: «төлемқабілетті сұранысты ескерер болсақ, отандық өндіріс ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрлеріне арналған тыңайтқыштарға деген ішкі сұранысты толық жаба алады (аммиак селитрасы мен аммофос)», — деп хабарлайды. «Төлемқабілетті сұраныс» дегенді тыңайтқыштың толық құнын бірден төлеп ала алатын кәсіпкерлердің сұранысы деп түсіндік.

Ғылыми қажеттілік жайлы айтар болсақ, еліміздегі егін егілетін жердің барлық аумағына жалпы 3,2 млн тонна тыңайтқыш себілуі керек, оның ішінде 1,2 млн тоннасы — азоттық тыңайтқыш, 1,6 млн тоннасы — фосфорлы тыңайтқыш, 0,4 млн тоннасы — калийлі тыңайтқыш. Отандық өндірушілер осы қажеттіліктің 56 пайызын жаба алады. 2025 жылға арналған тыңайтқыштар енгізу жоспары — 1,9 млн тонна немесе қажеттіліктің 59 пайызы.

Бұл көрсеткіштер жоспарға сәйкес келмейді, яғни жаңа тыңайтқыш зауыттарын салу қажет екені анық.

Бүгінде бұл бағыттағы жобалардың да шеті көрініп тұр. Мысалы, түркиялық «ESTA» және «YDA» компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастыра бастады.

Жамбыл облысында «ЕвроХим – Қаратау» ЖШС жобасы іске асырылып жатыр. 2026 жылы іске қосылатын зауыт жылына 1 млн тонна өнім өндіреді.

Сондай-ақ тыңайтқыштардың тұтыну көлемі де жыл сайын өсіп келеді:

  • 2020 ж. – 600,2 мың т
  • 2021 ж. – 626,5 мың т
  • 2022 ж. – 667,1 мың т
  • 2023 ж. – 679 мың т
  • 2024 ж. – 1,3 млн т (алдыңғы жылдары игерілмей қалған қалдықтарды қоса есептегенде).

— Бізге тыңайтқыштың көлемі ғана өскені емес, оның түрлерінің де артқаны керек. Атап айтқанда, кешенді тыңайтқыштар, микроэлементтер мен биоқоспаларды да көбейту қажет. Мемлекет осы саладағы ғылыми зерттеулер мен өндірісті жергіліктендіруді қолдауды жалғастыруы тиіс, — дейді профессор Амангелді Жұмабаев.

Қорыта келгенде, мемлекеттік деңгейде ауыл шаруашылығын қолдау бойынша елеулі механизмдер іске қосылып жатқанын атап өтуге болады. Жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр, тыңайтқыш бағасы 60 пайызға дейін арзандаған.

Алайда аймақтық статистика мұндай қолдаудың біркелкі қолданылмайтынын көрсетеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында жер өңдеу мәдениеті жоғары болса, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында тыңайтқыштарды қолдану төмен.

— 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Батыс Қазақстан облысында тек 8,2 мың тонна тыңайтқыш қолданылған, бұл - ғылыми қажеттіліктің 9 пайызы ғана. Атырау облысында — 16 пайыз, — делінген министрлік хабарламасында.

— Мемлекеттік аграрлық саясаттағы жүйелі қателіктер мен жерді пайдалануды дұрыс бақыламау климат пен технологиялардан кем емес залал келтіргенін айтпасқа болмайды. Егер мәжбүрлеу және бақылау тетіктері болмаса, егіс ауыстыру мен минималды өңдеу туралы сөздер жай ғана декларация болып қала береді, — дейді профессор Жұмабаев.

Оның айтуынша, жағдайды өзгерту үшін ресурстар мен білімге қолжетімділік қажет. Өңірлердегі агроэкологиялық сауаттылық деңгейі өте төмен. Бұл салада жер өңдеу мәдениетін арттыруға, тыңайтқыштарды қолдану көрсеткіш жоғарылатуға, жердің тозуының алдын алатын шараларды тезірек енгізуге басымдық берілмейінше, заманауи тәжірибелер тек қағаз жүзінде ғана қалады.

Айта кетейік, ҚР Үкіметінің резервінен тыңайтқыштарды (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау үшін 48,4 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.