Егізбаев: Үкімет фермерлерге 285 млрд теңге қарызын биыл өтейтіндігіне сенеміз

Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Фермерлерге мемлекет тарапынан 285 млрд теңге қарыз қалып отыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев айтты.

- 2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 575 млрд теңге бөлінсе, оның тек 86 пайызы ғана игерілген. Ал соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2,2 трлн теңге бөлінгенімен Жоғары аудиторлық палатаның есебінде 142 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны анықталған. Бұл қаржының тиімділігін бағалайтын нақты жүйенің әлі де қалыптаспағанын көрсетеді, - деді ол.

Мәжіліс депутатының дерегінше, ауыл шаруашылығы — ең төмен жалақы төленетін сала болып отыр. Орташа айлық жалақы — 262 мың теңге, ал ресми тіркелген қызметкерлер саны бар болғаны 1,6 пайыз. Бұл – ауылда көлеңкелі және маусымдық жұмыстың кең таралғанын, әлеуметтік қорғалмау мен болашақ зейнетақының жоқтығын көрсетеді. Мемлекеттік қолдау тек техника мен субсидияға емес, ең алдымен — ауыл тұрғынына бағытталуы қажет.

- Жұмыссыздық пен инфрақұрылымның жетіспеуі салдарынан 2024 жылы 6,7 мыңнан астам адам ауылдан көшіп кеткен. Жоғары аудиторлық палата бұл үрдісті нақты атап өткен. Микрокредит, жеңілдетілген несие – бұл тек құрал. Егер ауылда тұрақты жұмыс, қолжетімді баспана, мектеп, медициналық пункт және мәдениет үйі болмаса, бұл бағдарламалар ұзақмерзімді нәтиже бере алмайды. Сонымен қатар, фермерлерге мемлекет тарапынан 285 млрд теңге қарыз қалып отыр. Үкімет бұл берешекті жыл соңына дейін толық өтеуге уәде берді. «Ауыл» партиясының фракциясы, Аграрлық мәселелер Комитетінің депутаттары Үкімет берген уәдесіне тұрады деп сенім білдіреді. Үкіметке көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге және фермерлерге айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен несиелеудің оң тәжірибесін кеңейтуді ұсынамыз. Осы орайда, «Ауыл» партиясының фракциясы 5 пайыздық жеңілдетілген кредиттеуге кезең-кезеңімен көшуді толық қолдайды, - деді Мәжіліс депутаты.

Сөз соңында Серік Егізбаев «Ауыл» партиясының фракциясы Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін негізінен қолдайтынын айтты.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.