ЕХРО-2017 көрмесі үшін Астана жаңа кезеңге айналады - ХКБ Бас хатшысы

АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - ЕХРО-2017 көрмесі үшін Астана жаңа кезеңге айналады. Бұл пікірді бүгін елордада өтіп жатқан «Болашақ энергиясы. Ғаламшардың тұрақты дамуы» тақырыбындағы халықаралық симпозиумда Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес білдірді.

«Астананың 2017 жылға ұсынған тақырыбы үлкен қызығушылық тудыратыны анық. Бүгін осы жерде ҚР Үкіметі мен әлемнің энергетика саласының жетекші мамандарының жиналуы ЕХРО-ның маңыздылығын айшықтай түседі», - деді ХКБ бас хатшысы.

Оның атап өтуінше, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу құқығына үміткер Қазақ елі үшін бұл симпозиумның маңызы зор. Оның басты мақсаты - ғаламшардың назарын Қазақстанның ЕХРО-2017 көрмесіне таңдаған «Болашақ энергиясы» тақырыбына аудару.

«Астана 2017 жылы өткізуге ниет танытып отырған көрме түрлі идеялардың тоғысқан ортасына айналатындығына сенімім мол. РИО 20-дан кейін, яғни 5 жылдан соң өтетін көрме үшін Астана тамаша кезеңге айналуы мүмкін», - деді ол.

Алқалы жиын барысында қатысушылар климаттың өзгеруі, болашақтағы энергия мен экология қауіпсіздігі және баламалы энергия көздерін жетілдіру мен тұрақты дамыту жобаларын қаржыландыру мәселелерін талқылады.