Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы өзен жағасында демалып жүрген. Ойын кезінде бала қатты ағыс аймағына түсіп кеткен. Мұны байқаған атасы немересін құтқаруға ұмтылғанымен, екпінді су ағыны екеуін де алып кеткен.
Оқиға орнына Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы және жергілікті атқарушы орган өкілдері дереу жетті.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 40-қа жуық маман, 13 техника, екі жүзу құралы және ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.
Іздеу жұмыстары басталғалы бері шамамен 32 мың шаршы метр су айдыны тексерілді. Қазіргі уақытта үш сүңгуірлер тобы іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Құтқару-іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр.
Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және шомылуға арналмаған, тыйым салынған жерлерде суға түспеуге шақырды.
Сондай-ақ құтқарушылар қайықпен жүргенде немесе су маңында болған кезде құтқару кеудешелерін пайдаланудың маңыздылығын еске салды.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында өзенге үш жасөспірім батып кеткен болатын.