Екі апта бұрын тағайындалған Ұлыбритания премьері демалысқа шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның премьер-министрі Энди Бернэм қызметіне кіріскеніне екі аптадан сәл ғана асқан соң шетелге демалысқа кетіп, елдегі көші-қон мәселесіне байланысты оппозицияның сынына ұшырады.

Фото: Report

Report агенттігінің хабарлауынша, Кир Стармердің отставкасынан кейін биылғы 20 шілдеде үкімет басшысы қызметіне кіріскен Бернэм тамыз айының басында шетелге аттанған.

Премьердің өкілдері үкіметтің қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, Энди Бернэм шенеуніктермен тұрақты байланыста болып, жұмыс кездесулерін қашықтан өткізіп жатыр.

Соған қарамастан, премьердің демалысы оппозиция тарапынан сынға ұшырады. Атап айтқанда, Reform UK партиясының төрағасы Ли Андерсон Бернэмнің елде заңсыз көші-қон мен Ла-Манш бұғазы арқылы шағын қайықтармен өтетін мигранттар мәселесі ушығып тұрған кезде демалысқа кеткенін сынға алды.

Ал Энди Бернэмді қолдаушылар тамыз айындағы қысқа мерзімді демалыс Ұлыбритания премьер-министрлері үшін қалыпты тәжірибе екенін атап өтті. Себебі бұл кезеңде парламент жазғы демалысқа шығады.

Айта кетейік, Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Энди Бернем 20 шілде күні қызметіне ресми кірісіп, жаңа үкімет құрамын жасақтай бастаған болатын.