Екі ауданға мал қорымын салуы тиіс болған кәсіпкер 12 жылдан соң ұсталды

Фото: Фото: Polisia.kz

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік кәсіпкер мал қорымын салу үшін конкурсқа түсіп, 17 млн теңге алған. Кейін қашып кетіп, 12 жылдан соң Алматы облысының ауылынан ұсталды. 

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, кәсіпкер 2012 жылы мал қорымын салуға келіскен. Ол қаржыны банк арқылы бөліп-бөліп алып, кейін хабар-ошарсыз кеткен.

- Жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры 17 миллион теңге ақшаны иеленген. Мал қорымын саламын деген келісімді орындамай, қашып кеткен. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті мемлекетаралық іздеуге жарияланды. Полиция қызметкерлері оны Алматы облысындағы ауылдардың бірінде жасырынып жүрген жерінен ұстады, - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, кәсіпкер Ақтөбе қаласына жеткізіледі. Тергеу және сот Ақтөбеде өтеді.