— Транскаспий желісі және «Батыс — Шығыс» магистралі сияқты жаңа магистральдық жобалар Қазақстан арқылы өтетін деректер транзитінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда инфрақұрылым салу экономикалық нәтижеге кепілдік бермейді. Оның толық жүктелуін, маршруттардың сенімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету қажет. Жасанды интеллект министрлігі операторлармен бірлесіп, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін транзиттің нақты өлшемді көрсеткіштерін қамтитын халықаралық байланыс арналарының коммерциялық даму жоспарын ұсынсын, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының пайымынша, цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллектіні кеңінен енгізу айтарлықтай есептеу қуаттарын талап етеді. Осыған байланысты елімізде деректерді өңдеу орталықтарын салу бойынша ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте оларды салып қана қоймай, сонымен қатар толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасау маңызды.
— Сондықтан жоспарлау кезеңінде электр энергиясына деген қажеттілікті, желілерге қосылу мүмкіндіктерін және есептеу қуаттарының әлеуетті тұтынушыларын айқындау қажет. Салынған нысандар қажетті инфрақұрылымның болмауынан немесе олардың қызметтеріне сұраныстың жеткіліксіздігінен бос тұрып қалатын жағдайларға жол беруге болмайды. Жасанды интеллект және Энергетика министрліктеріне инвесторлармен бірлесіп, екі ай мерзімде негізгі және перспективалы деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу кестесін бекітуді тапсырамын. Онда қажетті энергетикалық қуаттар, инженерлік желілерге қосылу және жүктелуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделуге тиіс, — деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады.