Астанадағы велоспорт клубы осы мақсатта бірнеше жыл бұрын небәрі екі баламен жұмыс бастаған еді. Қазір жоба аясында 100-ден астам бала тұрақты түрде жаттығып, тағы жүзге жуық қатысушы велосипед тебуді меңгеріп шыққан.
Қайрат Хадылбектің айтуынша, алғашқы кезеңде мамандардың өздері де ерекше балалармен жұмыс істеу тәжірибесіне болмағанын айтады.
— Басында ерекше балалар айналысып жүрді, бірақ арнайы бөлімше болған жоқ. Кейін клуб ашылып, біз екі баламен жұмысты бастап кеттік. Алғашқы кезде аутизм туралы да көп біле қоймаған едік. Біртіндеп тәжірибе жинақтадық. Қазір тұрақты түрде 100-ден астам бала кәсіби түрде жаттығады. Жалпы саны 200-ден асады. Бұл жерде тек мен емес, бес жаттықтырушыдан құралған үлкен команда еңбек етіп жатыр, — деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.
Жаттықтырушының сөзінше, велосипед тебуді үйрену көптеген бала үшін өмірдің жаңа мүмкіндіктерін ашты.
— Ата-аналардың арманы ғой баласының велосипедке отырғанын көру. Кейде қуаныштан көз жасына ерік беретін сәттер болады. Бізге келгенде «менің балам үйрене ала ма» деп күмәнданатындар аз емес. Бірақ барынша еңбектеніп, нәтижеге жеткізуге тырысамыз. Осындай сәттер біздің жұмысымыздың маңызын көрсетеді, — деді Қайрат Хадылбек.
Маманның айтуынша, велоспорт балалардың физикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың әлеуметтік дағдыларының қалыптасуына да оң әсер етеді.
— Балалардың мінез-құлқы жақсы жаққа өзгереді. Кейбір балалар сабырлана бастайды. Ал сөйлеуі қиын балалардың сөздік қоры көбейгенін байқап жүрміз. Біз медицина мамандары емеспіз, бірақ күнделікті жұмыста балалардың өзгергенін анық көреміз. Олар достар табады, команда ішінде араласады. Ата-аналардың өзі бір-бірімен араласып, үлкен орта қалыптасты, — дейді жаттықтырушы.
Бүгінде жобаға еліміздің өзге өңірлерінен де қызығушылық артып келеді. Қайрат Хадылбек болашақта ерекше балаларға арналған велоспорт секцияларын Қазақстанның басқа қалаларында ашу жоспарда бар екенін айтты.
Айта кетейік, Астанада аутизммен ауыратын 2000-дай бала бар.
Бұған дейін, Премьер-министр Олжас Бектенов аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау керектігін айтқан еді.