Екі баласы бар әйелге берілген 20 тәулік қамау жазасы айыппұлға ауыстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда прокурордың актісі бойынша екі әкімшілік құқық бұзушылық үшін тағайындалған қамауға алу жазаларының күші жойылды. Сот әйелге берілген жазаны әкімшілік айыппұлға ауыстырды.

Фото: canva.com

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада кейбір санаттағы адамдарға әкімшілік қамауға алуды қолдануға тыйым салынған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБтК) 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бұл жаза жүкті әйелдерге, 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, 18 жасқа толмаған адамдарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ 58 жастан асқан әйелдерге, 63 жастан асқан ерлерге және 14 жасқа толмаған балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ерлерге қолданылмайды.

Бұл норма ата-ана құқықтары шектелген адамдарға да қатысты.

Мәселен, облыс аудандарының бірінде тұратын О. есімді әйелге қатысты екі қаулы шығарылған. Біріншісі қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігі бойынша 10 тәулікке қамауға алуды көздесе, екіншісі ерекше талаптарды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 2-бөлігі бойынша тағы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуды қарастырған.

Құқық бұзушыға қорғау нұсқамасы арқылы анасына қатысты жанжал шығаруға, бопсалап балағаттауға тыйым салынған. Сонымен қатар оның мінез-құлқына ерекше талаптар қойылып, алкогольдік ішімдіктер ішуіне шектеу енгізілген.

Алайда әйел бұл талаптарды сақтамаған.

— Прокуратура органдары сот актілерін зерделеу барысында О. есімді азаматшаның 14 жасқа толмаған екі баланың анасы екенін анықтаған. Бұл оған қатысты тағайындалған қамауға алу жазаларының күшін жоюға негіз болған, — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Прокурордың қарауына берілген апелляциялық өтінішхаттардың нәтижесінде сот актілері өзгертіліп, әкімшілік қамауға алу жазалары әкімшілік айыппұлға ауыстырылды.

Еске салайық, мұның алдында Жамбыл облысында мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған тұрғын қамауға алынғанын жазғанбыз.