Екі мыңнан астам қандас мемлекеттік білім грантын иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026-2027 оқу жылында жалпы бөлінген гранттың 4%-ы қандастарға бағытталды. Биыл аталған квота аясында барлығы 2 497 грант бөлініп, оның 95,2% игерілді. Осылайша 2 378 қандас талапкер Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсті. Бұл туралы Отандастар қоры хабарлады.

Фото: halyq-uni.kz

— 2026 жылы 4% квота бойынша бөлінген 2 497 гранттың 2 378-і игерілді. Бұл көрсеткіш квота тарихындағы ең жоғары нәтижелердің бірі болып отыр. Бөлінген орындардың басым бөлігі техникалық, жаратылыстану-математикалық және педагогикалық бағыттарға тиесілі, — дейді Отандастар қоры.

Грант иеленген қандастардың ең көбі инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына түскен — 667 адам. Сонымен бірге, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында — 415, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика мамандықтарында — 367, педагогикалық ғылымдар бойынша — 489 талапкер білім алатын болды. Денсаулық сақтау саласын 108, қызмет көрсету бағытын — 87, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарын — 60 талапкер таңдаған.

Соңғы бес жылдағы көрсеткіштер қандастарға арналған гранттардың игерілу деңгейі айтарлықтай артқанын көрсетеді. Мәселен, 2022 жылы 2 220 гранттың 654-і ғана игеріліп, көрсеткіш 29,5% болған еді. Ал 2024 жылы бұл деңгей 60%-ға, 2025 жылы — 79,8%-ға жетсе, биыл — 95,2%-ға дейін өсті.

Фото: Отандастар қоры

— Игерілу көрсеткішінің артуы — соңғы жылдары қабылданған нақты шаралардың нәтижесі. 2023 жылға дейін гранттардың игерілу деңгейі 40%-ға да жетпейтін. Оның басты себептері — қандастар тұратын шет елдерде қазақша толыққанды білім беретін мектептер тапшылығы, білім беру бағдарламаларының сәйкессіздігі, Қазақстан тарихы пәнінің шетелде оқытылмауы, сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) барлық пәннен шекті балл жинау талабы еді, — деп түсіндірді қор.

Қор бастамасымен қандас талапкерлерге қатысты бірқатар нормативтік жеңілдік күшіне енген. Атап айтқанда, 2024 жылы қандастар үшін ҰБТ-дағы әр пән бойынша шекті балл талабы алынып тасталса, 2025 жылдан бастап, оқу сауаттылығы және екі бейінді пән бойынша ғана тест тапсыратын болды.

— Қабылданған шаралар этникалық қазақтардың тарихи Отанында сапалы жоғары білім алу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтті. «Отандастар қоры» алдағы уақытта да қандастардың білім алуына жәрдемдесу, олардың бейімделуі мен ел игілігіне қызмет етуі үшін қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмысын жалғастырады, — деп жазылған қор хабарында.

Айта кетейік, 7 тамызда білім гранты иегерлерінің тізімі шықты. Биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.