Екі өңірде мемлекеттік энергетикалық қадағалау департаментінің басшылары ауысты

Фото: Gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде өңірлік деңгейде жаңа кадрлық тағайындаулар өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысы бойынша Комитеттің аумақтық департаментінің басшысы лауазымына Асхат Хамитұлы Жақыпов тағайындалды.

Ол Павлодар мемлекеттік университетін «Инженер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы «Павлодарэнерго» АҚ-да бастап, слесарь, машинист және турбина цехының аға машинисі қызметтерін атқарған.

2013 жылдан бері мемлекеттік энергоқадағалау жүйесінде жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы департаменттерде бас сарапшы, басшының орынбасары және басшы қызметтерін атқарды. Комитеттің орталық аппаратында электр және жылу көздерін бақылау басқармасын басқарды.

2023–2025 жылдары Комитеттің электр-жылу өндіруші станцияларына бақылау жасау басқармасының басшысы болды.

Абай облысы бойынша Комитеттің аумақтық департаментінің басшысы лауазымына Демин Николай Александрович тағайындалды.

Ол Шәкәрім атындағы университеттің түлегі әрі жылуэнергетика мамандығы бойынша магистр.

Еңбек жолын 2007 жылы «Теплокоммунэнерго» ШМК-да қазандық машинисті болып бастаған. Кейін аға машинист, станса бастығы, № 1 ЖЭО бастығы, сондай-ақ өндіріс жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

2018–2024 жылдары кәсіпорын директорының міндетін атқарушы болды, одан кейін Абай облысы бойынша аумақтық департамент басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Бұдан бұрын Қарағанды облысында Инвесторларды қолдау орталығының басшысы тағайындалғанын жазғанбыз.