Екі шетел азаматы Қазақстанға 770 кг героин әкелмек болған

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда екі шетел азаматы елге 770 кг героин әкелуге әрекет жасағаны үшін 14 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасы.

Фото: Бас прокуратура

- Былтырғы мамыр айында Түркістан облысындағы Б. Қонысбаев атындағы шекара өткізу бекетінде есірткіні заңсыз әкелу әрекеті әшкереленген. Тексеру барысында героиннің аяқ киімге арналған крем ретінде рәсімделіп, Еуропа елдеріне транзитке шығарылмақ болғаны анықталды, - деп жазды бақылаушы органнан.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы шетелдік азаматтардың кінәсін толық дәлелдейтін айғақтар ұсынды.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот екі азаматты кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, СҚО-да түрмеге есірткіні дәретхана қағазы арқылы кіргізбек болғаны анықталды.