Екі-үш жылдан кейін AI фильмді дәстүрлі кинодан ажырату қиын болады — Алмас Жали

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект осы қарқынмен дами берсе, екі-үш жылдан кейін AI арқылы жасалған фильмді дәстүрлі тәсілмен түсірілген кинодан ажырату қиын болуы мүмкін. Бұл туралы Astana AI Film Festival тең құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмас Жали айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Оның сөзінше, әзірге толықметражды фильмді түгелдей жасанды интеллект арқылы жасау оңай емес.

— Қазір бір жарым сағаттық фильмді AI көмегімен жасауға әрекет жасалып жүр. Нәтижесі жаман емес. Дегенмен көрермен оның жасанды интеллект арқылы жасалғанын әзірге аңғара алады, — деді Алмас Жали.

Ол жаңа модельдер мен платформалардың өте жылдам дамып келе жатқанын атап өтті.

— Егер осы қарқын сақталса, екі-үш жылдан кейін, бәлкім, одан да ертерек қай фильмнің AI арқылы, қайсысының дәстүрлі тәсілмен түсірілгенін ажырату қиынға соғуы мүмкін, — деді ол.

Алмас Жалидің айтуынша, жасанды интеллект кино түсірудің көптеген кезеңін жеңілдетеді. Дәстүрлі фильмге үлкен команда, актерлер, декорация және ондаған түсірілім ауысымы қажет.

— Кейде бір фильмді дайындауға бір жылға жуық уақыт кетеді. Командада 100–120 адам жұмыс істейді. Актерлердің жұмысын үйлестіру, декорация дайындау, түсірілімді ұйымдастыру керек. Ал жасанды интеллект осы жұмыстың бір бөлігін әлдеқайда жылдам атқаруға мүмкіндік береді, — деді ол.

Алмас Жали AI арқылы фильм жасау әзірге арзан емес екенін де айтты.

— Қазір генерация арзан емес. Бірақ платформалар көбейіп, бәсеке күшейген сайын оның бағасы төмендейді деп ойлаймын. Дәстүрлі кино өндірісімен салыстырғанда AI арқылы фильм жасауға әлдеқайда аз уақыт пен еңбек жұмсалады, — деді Алмас Жали.

Бұған дейін Astana AI Film Festival байқауына 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс түскенін жазған едік.