Сот процессі 8 қарашада Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті. Сот екі жасар өгей ұлын өлтірді деген айыппен ұсталған 24 жастағы ер адамға қатысты істі қарады.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 21 наурызында Теміртау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен екі жасар баланың денесі табылған болатын. Кісі өлтірді деген күдікпен баланың анасымен бірге тұратын ер адам ұсталды.
Айыпталушы сот барысында өз кінәсін мойындады. Сондай-ақ оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Прокурор айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Баланың анасы айыптаушы тараптың пікірімен келісті.
Сотталушының адвокаты оған ҚК-нің 99-бабының 3-бөлігінің санкциясында көзделген ең төменгі жаза тағайындауды сұрады. Алайда судья айыпталушыны заңның бар қатаңдығымен жазалау туралы шешім қабылдады.
«Сот үкімімен К. аса қатыгездікпен жас баланы өлтіргені үшін кінәлі деп танылды және оған төтенше қауіпсіздіктің қылмыстық-түзеу жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, педагогикалық лауазымдар мен кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. К.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай оның мас күйінде қылмыс жасауы болып танылды. Кінәсін мойындауы іс бойынша жеңілдететін мән-жайлар болып танылды», - деп хабарлады Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.