Екі жылда дәрігер тапшылығы 20%-ға қысқарды – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы екі жылда медицина кадрларының тапшылығы 20%-дан астамға азайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті.

Фото: ДСМ

Ведомствоның дерегінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және олардың мәртебесін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылған.

Нәтижесінде дәрігерлер тапшылығы 20,4%-ға, орта буын медицина қызметкерлерінің тапшылығы 13%-ға төмендеген. Сонымен қатар соңғы бес жылда медицина қызметкерлерінің шетелге кетуі шамамен 5 есеге қысқарған.

Министрлік мәліметінше, аталған нәтижелерге медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру, оларға қарсы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытындағы заңнамалық өзгерістер ықпал еткен.

- Ауылдық жерлерде тапшы мамандықтар бойынша кадр тарту үшін 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни шамамен 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Бұдан бөлек, медицина қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй беру, көтерме жәрдемақы төлеу, коммуналдық шығындарды өтеу сияқты қосымша қолдау шаралары енгізілген, - деп жазды ведомстводан.

2023 жылмен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы 4863,75-тен 3869,5 штаттық бірлікке дейін төмендеген.

Айта кетейік, бұған ейін өңірлерде неге дәрігер мен мұғалім тапшы екенін жазған болатынбыз.