Екі жылда электронды саудадағы шағымдар 290% өскен – Мәжіліс жаңа заң редакциясын қарауда
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе заң жобасын таныстырды.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Бізге «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынастарды түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекет барлығына тең мүмкіндіктер мен әділетті қамтамасыз ету міндетті» деп айтқан еді.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңға соңғы түзетулер 4 жылдан астам уақыт бұрын енгізілген. Бірақ құқық қолдану тәжірибесі оның қазіргі уақыт талабына сай келмейтінін және тұтынушыларды қорғаудың тиімділігіне әсер ететін құқықтық кемшіліктерін көрсетті.
«Біріншіден, тұтынушылардың шағымдарын қарау мен шешудің 4 кезеңдік тәртібі тұтынушының сотпен қорғануға конституциялық құқығына кедергі келтіреді, өйткені тұтынушылар сотқа жүгінбес бұрын жоғарыда аталған кезеңдерден өтуге мәжбүр. Екіншіден, Тұтынушылар құқықтарын қорғау заңының қолдану аясы бөлшек сауда және тұрмыстық қызметтермен ғана шектелген. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұрғын үй-коммуналдық, көлік, медициналық, туристік, байланыс қызметтері және тағы басқа маңызды қызмет салаларында тұтынушылар құқықтарының бұзылуына орай іс-шаралар қолдана алмайды», - деп түсіндірді А. Шаққалиев.
Үшіншіден, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері әлі де жеткілікті дәрежеде тиімді жұмыс істемейді, олардың қызметі жүйелі түрде бірізденбеген.
Төртіншіден, тұтынушылардың өтініштерін бизнестің қабылдау және қарау процесін автоматтандыру үшін іске қосылған «Е-tutynushy» ақпараттық жүйесі кәсіпкерлердің оған ерікті түрде тіркелгенінен күтілген нәтиже көрсетпеді.
Бесіншіден, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде тұтынушы құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін тек ескерту көзделген. Статистикаға сәйкес, жосықсыз бизнестің іс-әрекеттеріне жыл сайын тұтынушылардың шағымы артып жатқандықтан, Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңды жетілдіру қажеттігі туындап отыр.
«Өткен жылы тұтынушылардың электрондық сауда саласындағы бұзушылықтарға қатысты шағымдарының 7732-ге дейін күрт өсіп, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 15 пайыздан асқанын айту қажет. Бұл электронды сауда құралдарын белсенді пайдаланғанның белгісі. Сонымен қатар, 2022 жылмен салыстырғанда шағымдар саны 290% өскен», - дейді Сауда министрі.
Заң жобасын әзірлеу кезінде ТМД елдерінің, сондай-ақ Германия, Польша, Түркия және басқа да елдердің тәжірибесі зерттеліп нәтижесінде бірқатар новеллалар ұсынылған.