Өңір басшысының айтуынша, Екібастұздың өндірістік әлеуеті жоғары болғандықтан, қаладағы әуе қатынасын дамыту маңызды. Қазір әуежайды қайта іске қосу мәселесі пысықталып жатыр.
— Екібастұз әуежайын қайта жандандыруды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл мәселемен тығыз айналысып жатырмыз. 2028 жылы оны толық аяқтап, ашамыз деп үміттенемін, — деді Асайын Байханов.
Аталған әуежай 1986-2008 жылдары жұмыс істеген. Әкімнің айтуынша, нысанды қайта іске қосу қала мен өңірдің көлік қолжетімділігін арттырып, оның экономикалық байланыстарын дамытуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, биылғы мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкіміне Екібастұздағы әуе қатынасын дамыту мәселесіне назар аударып, қалада жаңа әуежай ашу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.
Сондай-ақ биыл тамыз айында Павлодар әуежайы ұшу-қону жолағы жаңғыртылғаннан кейін ұшақтарды қабылдай бастады.