Павлодар облысы бойынша экология департаменті биылғы тамыз айында «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-не қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкестігі бойынша тексеру жүргізген.
Тексеру нәтижелері бойынша экологиялық заңнаманы бұзудың бірқатар жағдайлары, соның ішінде көміртегі оксиді шығарындыларының белгіленген нормативінен асып кетуі анықталған. Норматив 125,85365 г/с болған кезде, нақты көрсеткіш 191,146 г/с-ті құраған.
Яғни артық мөлшері — 65,29235 г/с. Сондай-ақ қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы талаптардың бұзылуы, соның ішінде тиісті экологиялық рұқсатсыз қалдықтарды жинақтау фактілері белгілі болған.
- Анықталған бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 140 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік іс қозғалды. Кәсіпорынның өтінішхаты бойынша әкімшілік материалдар сот қарауына жіберілді, - деп хабарлады департаменттен.
Еске сала кетейік, Екібастұз қаласын басқан қою түтін жұртты шошытты.