Екібастұз ГРЭС-2-де жаңа энергоблоктардың құрылысы кестеден кешігіп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұздағы ГРЭС-2-нің үшінші және төртінші энергоблоктарын салу жұмыстары бекітілген құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесінен қалып қойған. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мәлімдеді.

Видеодан алынған скрин

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында шамамен 360 адам және 32 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Алайда мердігер ұйымның мәліметінше, жұмыстың қарқынын арттыру үшін жұмысшылар санын 430 адамға дейін көбейту қажет.

Құрылыс алаңында металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары жалғасуда. Турбиналық бөлімде шатырды жөндеу және турбинаның іргетасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі бетондау жұмыстарының көлемін 20 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.

Видеодан алынған кадр

Дейтұрғанмен құрылыс нысанындағы құрылыс жұмыстары бекітілген кестеден ауытқығаны байқалған.

— Құрылыс бекітілген құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесінен аздап ауытқып жүргізіліп жатыр. Себептері объективті. Авторлық және техникалық қадағалау мәліметіне сәйкес, анықталған ескертулер жедел түрде түзетілуде. Жобаны іске асыру бойынша негізгі жауапкершілік «Самұрық-Энергоға» жүктеледі. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті — жобаны сапалы сүйемелдеу, — деп атап өтті Аян Бейсекин.

Жоба аясында ГРЭС-2-нің үшінші және төртінші энергоблоктарын іске қосу көзделген. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін станцияның қуаты 1 ГВт-тан астамға артады. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін күшейтіп, инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етпекші.

Еске сала кетейік, Екібастұз ГРЭС-1 стансасына қатысты 140 млн теңгеге әкімшілік іс қозғалды.