Екібастұз ГРЭС үшінші энергоблогы 2028 жылы іске қосылады

Фото: Наталья Зинченко / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Екібастұз ГРЭС № 3 және № 4 энергоблоктардың іске қосылуы қуат тапшылығын жауып қана қоймай, деректерді өңдеу орталығын, процессорды салқындату жүйелерін дамытуға мүмкіндік береді. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов көмір өндірудің жаңа қуаттарын енгізу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жайында айтып берді. 

Қазіргі уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ көмір станцияларын салу бойынша төрт жобаны іске асыруда. Атап айтқанда, Екібастұз ГРЭС үшінші және төртінші блоктарын салу арқылы кеңейту және реконструкциялау, сонымен бірге Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарын салу көзделген.

— ГРЭС-тің әрқайсысының қуаты 550 мегаватт болатын 3,4 энергоблоктарын салу жобасы іске асырылуда. 2025 жылғы мамырда қазақстандық консорциуммен EPC келісімшарт жасалды. Мердігермен тиісті жұмыс кестесі бекітілді. Қазіргі уақытта екі энергоблоктың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды, — деді Қайрат Мақсұтов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бекітілген кестеге сәйкес, үшінші энергоблок 2028 жылдың қыркүйегінде іске қосылады. Қазіргі уақытта онда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Инженерлік коммуникацияларды тарту, жабдықтарды қабылдау қоймалары, ангарлар салу шаралары аяқталды. Сондай-ақ, іргетас жұмыстары үшін бетон дайындау кешені іске қосылды.

— Бас ғимарат бойынша, биыл машина залының каркасын тұрғызу, шатырын жабу және іргетасын құю жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, биыл біз қазандықты да жинауға кірісеміз. Негізгі жабдықтар биылғы жылдың үшінші тоқсанынан бастап келеді, — деп атап өтті спикер.

Төртінші энергоблок жобасын іске асыру аясында Энергетика министрлігімен инвестициялық келісімге қол қою жұмыстары атқарылып жатыр. Осыған байланысты энергетика министрлігі қажетті лимитті ұлғайтуды аяқтады. Сәуір айында инвестициялық келісімге қол қойылады деп күтілуде.

— Инвестициялық келісім шыққан соң EPC-мердігерге аванс төленеді. Соның нәтижесінде 2027 жылдың екінші тоқсанында төртінші энергоблоктың негізгі жабдықтары — турбина, генератор, қазандықты жеткізу басталады. Төртінші энергоблок 2030 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі. № 3 және № 4 энергоблоктардың іске қосылуы тек қуат тапшылығын жауып қана қоймай, қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған деректерді өңдеу орталығын, процессорды салқындату жүйелерін дамытуға мүмкіндік береді, — деді Қайрат Мақсұтов.

Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Көмір генерациясын дамыту» жобасынан күтілетін нәтижелерді атады.