Екібастұз МАЭС-1-дегі ақау: стансаға қауіп төніп тұрған жоқ
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Болат Нұржанов атындағы Екібастұз № 1 МАЭС-тің түтін мұржасында шыққан ақау кәсіпорынға ақау төндірмейді. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов хабарлады.
Алып мұржасының бүйірінен шаң-тозаң саулап, ел-жұртты шошытқан Екібастұздағы МАЭС-1 стансасындағы ақау аса қауіпті емес. Тәуелсіз сараптамалық компания осындай қорытындыға келген.
«Өткен аптада Екібастұздағы МАЭС-1-де болдым. Стансаның жағдайымен таныстым. Менімен бірге «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығы да болды. Нысан тәуелсіз сараптамалық компаниямен жіті зерттеліп, олар өз қорытындыларын берген. Қазіргі уақытта стансаның жұмысына қауіп төндіретін жағдай жоқ. № 1 түтін мұржасының ішкі бөлігіндегі қаптамалар — керамзит кірпіштердің кейбір тұсы опырылып түскен. Түтін мұржасының негізгі конструкциясы зардап шекпеген әрі ол жұмыс қалпында. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, қараша айының ортасында Екібастұз № 1 МАЭС стансасында бір энергия блогы кенеттен жұмысын тоқтатты.
Екібастұз электр стансасындағы апатқа байланысты министрлік түсініктеме берді.
Бүгінде аталған кәсіпорын елдегі электр энергиясының 20 пайызын беріп отыр.