Екібастұз МАЭС-1 экология департаменті өкілдерін бақылау нысандарына кіргізбей қойған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-ны тексеру барысында Павлодар облысы бойынша экология департаментінің мамандары кедергіге ұшыраған. Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы, 1-бөлігінде әкімшілік іс қозғалды.
Бұған дейін Павлодар облысының экология департаменті мұржасынан ақау шыққан Екібастұз электр стансасын тексеріп жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Тексеру барысында кәсіпорын департаменттің лауазымды тұлғаларын бөгеп, олардың бақылау нысандарына кіруіне, аспаптық өлшеулер жүргізуіне қарсылық білдірген.
«Департамент лауазымды адамдардың мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыруына кедергі келтіргені үшін «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-на қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 1-бөлігінде әкімшілік іс қозғады. Әкімшілік құқық бұзушылық материалдары сотқа жіберілді. Қазіргі уақытта стансаға қатысты тексеру шаралары жалғасып жатыр», — деп хабарлады өңірлік экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.
Облыстық экология департаменті жылдың алғашқы 10 айында 79 кәсіпкерлік субъектісінің экологиялық заңнама талаптарын 106 рет бұзғанын анықтаған. Оларға 45 млн теңге сомасына 60 әкімшілік айыппұл салынған.
Еске сала кетейік, қараша айының ортасында Екібастұз № 1 МАЭС стансасында бір энергия блогы кенеттен жұмысын тоқтатты.
Екібастұз электр стансасындағы апатқа байланысты министрлік түсініктеме берді.
Бүгінде аталған кәсіпорын елдегі электр энергиясының 20 пайызын беріп отыр.