Екібастұз МАЭС-1 стансасында №1 энергоблок іске қосылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Болат Нұржанов атындағы Екібастұз №1 мемлекеттік аймақтық электр стансасында бірінші энергиялық блокты қалпына келтіру жобасы өз мәресіне жетті. Нәтижесінде кәсіпорын соңғы 30 жылда алғаш рет сегіз блокты режимде толық қуатына көшті.

Фото: Энергетика министрлігі

Екібастұз МАЭС-1 стансасының №1 энергоблогы толық қуатта 72 сағат бойы сәтті жұмыс істеп, пайдалануға енгізілді. 

- 500 МВт қуатқа ие жаңа энергоблок еліміздің энергетикалық қуаттарын айтарлықтай арттырып, экономика мен халықты тұрақты және сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Энергоблокты салу жобасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды кезең болды. Екібастұз МАЭС-1, елдің жетекші энергетикалық орталықтарының бірінде орналасқан. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және индустриалдық дамуын қолдауда стратегиялық рөлін атқаруды жалғастыруда, - деп хабарлады ҚР Энергетика министтрлігінен.

Энергия блогын енгізу арқылы станса 4000 МВт-тық қуаттылыққа шығады. Бұл соңғы 30 жылда болмаған сегіз блокты режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, биылғы қараша айының ортасында Екібастұз №1 МАЭС стансасында бір энергия блогы кенеттен жұмысын тоқтатқан еді.

Ал 2022 жылдың 27 қарашасында Екібастұз ЖЭО-сында апат болып, қала тұрғындары қатты аязда жылусыз қалған болатын.