Екібастұз маңынан Қызыл кітапқа енген жаралы қыран құтқарылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында орманшылар Қызыл кітапқа енген жаралы құсты құтқарып қалды. Дала қыраны Екібастұз қаласынан 20 шақырым жерден табылған.

Фото: Видеодан скрин

Оқиға туралы орманшыларға Екібастұз қаласының тұрғыны хабарлаған. Оның айтуынша, Майқайың кентіне қарай бағыттағы далалық жерде жараланған құс жатқан.

— Хабарлама түскен соң Павлодар орманшылығының қызметкерлері оқиға орнына жедел жеткен. Олар жаралы құстың Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген дала қыраны екенін анықтады. Құстың қанатына зақым келген, — дейді Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.

Құсты қауіпсіз жерге жеткізген орманшылар оны ветеринарлық дәрігерлерге көрсеткен. Мамандардың тексеруінен кейін бүркіт тұқымдас дала қыраны Павлодар ауылындағы арнайы орынға уақытша орналастырылады.

Бұған дейін Павлодарда тұрғындар еліктің лағын құтқарып қалғанын жазғанбыз. Шарбақты тасжолының бойында, Галкин ауылынан облыс орталығына қарай келе жатқан отбасы еліктің кішкентай төлін байқап қалған. Олар жабайы жануарды өздерімен бірге ала кетіп, орманшылардың қолына тапсырған.

Ал оның алдында балықшылар мұз көшкінінде қалып қойған итті құтқарып қалды.