Биыл бірінші қаңтардан Қазақстанның кейбір заңнамаларына енгізілген бірқатар жаңашылдықтар күшіне енгені мәлім. Соған сәйкес зиянды өндірістерде жұмыс істейтін еңбеккерлер, атап айтқанда ҚР азаматтары мен ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар 55 жасқа толған кезде әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алады.
ҚР Еңбек кодексінің 127-3-бабында: «Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде олар еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем жүзеге асырылады», -деп көрсетілген.
Заңға сәйкес, ауыр еңбек жағдайында еңбек етіп жүргендер қаласа елу бес жастан құрмет демалысына шығып кете алады.
Бұл мүмкіндікті пайдаланбақ ниетпен биыл Екібастұздағы «Богатыр Көмір» ЖШС-нан көптеген азамат өз еркімен жұмыстан шыққан. Бұл қызметкерлердің барлығы «Богатырьда» ұзақ жыл ауыр еңбек жағдайында, кәсіпорынның гүлденуі үшін жұмыс істеген, салалық түрлі марапаттарға ие болған, еңбектері адал жандар.
Өкінішке қарай, олар жұмыстан босап шыққан сәтте серіктестік басшысы құр есеп айырысумен ғана тынған. Компанияның ұжымдық еңбек шартының 6.2.2-тармағында зейнетке шыққан жұмыскерге екі айлық тарифтік мөлшерлемеден кем емес көлемде сыйақы берілетіні көрсетілген. Алайда «Богатырь» басшылығы тиесілі төлемді жүргізуден бас тартқан.
Ал заңның артықшылығын пайдаланып, 55 жастан зейнетке шыққан өзге кәсіпорындардың, атап айтқанда «Ақсу ферроқорытпа зауытының», Екібастұздағы «Шығыс» кенішінің, Павлодардағы алюминий зауытының қызметкерлері әлгіндей төлемге қол жеткізіп, кенеліп қалған.
Сайып келгенде, жалпы саны 70 адам кәсіптік төлемнен қағылып отыр. Олардың компаниядағы еңбекақылары орташа алғанда 450 мың теңге болғанын ескерсек, «Богатыр Көмір» оларға жалпы сомасы 63 млн теңге әлеуметтік төлемді бермей отыр.
— «Богатырьге» 59 жыл ғұмырымның 29 жылын арнадым. Еңбегім адал, кәсіпорындағы теміржол саласының ең ауыр, күрделі тармағында жұмыс істедім, соңғы алты жылда бригадир болдым. Денсаулығым нашарлай түскені себепті, биыл ақпан айынан зейнетке шықтым. «Богатырь Көмір» ЖШС әдетте жасы жетіп зейнетке шыққан жұмысшыларға екі айлық еңбекақы көлемінде жәрдемақы төлейтін. Алайда басшылық «сендер еңбек шартың өз беттеріңмен бұздыңдар, әрі нақты зейнет жасына жеткен жоқсыңдар» деген желеумен бізге төлемей отыр. Мынау «Ақсу ферроқорытпа зауытында», «ТНК „Казхром“, „Шығыс“ кенішінде еңбек еткен бұрынғы әріптестерімізге ұжымдық келісімшартқа толықтыру енгізе отырып бұл төлемдер толықтай берілген. Бұл не сонда, адамдарды алалау ма, әлде кемсіту ме? Біз, жалпы саны 70 адам „Богатырь Көмір“ ЖШС-на өміріміздің көптеген жылдарын жұмсадық, күш-жігерімізді, денсаулығымызды сарп еттік. Еңбегіміз үшін алған ведомстволық наградаларымыз бар. Біздің сұрайтынымыз — ұжымдық еңбек шартына әлеуметтік төлем ресімдеген азаматтарға екі айлық жалақы мөлшерлемесін төлеу туралы қосымша тармақ енгізіліп, тиесілі төлемдер бізге де берілсін. Мен өзім ауған соғысының ардагерімін. Жыл сайын еңбек демалысына шыққанымда қосымша жеті күн берілетін. Зейнетке шыққанда кәсіпорынның кадлар қызметі осы күндердің ақшасын есеп айырысу төлемінен кемітіп тастады. Бұл да әділетсіздік деп ойлаймын, — дейді серіктестіктің бұрынғы қызметкері, зейнеткер Төлеген Қанышев.
Бұл мәселе бойынша компанияның бас директоры Николай Корсаковтың атына 26 адамның атынан ұжымдық хат түсіріп, көмір өнеркәсібіндегі салалық кәсіподақтарға талай мәрте жүгінген. Тіпті болмаған соң «Amanat» партиясының жергілікті филиалына, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне, прокуратура органдарына шағым түсірген. Алайда осы уақытқа дейін дұрыс жауап жоқ.
— Кеніштің теміржол саласында 30 жылдай еңбек еттім. Біздің өз құқығымызды қорғап жазған хаттарымызға дені дұрыс жауап болмай тұр. Мемлекеттік органдар мен партия өкілдері бұл іске салғырт қарап отырғандай. Еңбек қорғау инспекциясына хабарласқалы жарты жыл өтті, олар да әрекетсіз. Ұжымдық шарт деген 4-5 жылда өзгеріп отыратын дүние. Осыған басшылық рұқсат етсе, кәсіподақ бірден өзгерістер енгізетініне шүбәміз жоқ. Ауыр әрі зиянды еңбек жағдайындағы талай жылғы жұмысымыз ескерілуі керек. Мынау 70 адамның барлығының басында несиелері бар, олар зейнетке шығу туралы шешімдерін денсаулықтары үшін өтемақы, яғни кәсіптік төлемақы аламыз деген үмітпен қабылдағандары анық. Өзім де 59 жасымда зейнетке шығып отырмын, — дейді кәсіпорыннан зейнетке шыққан Амангелді Ермекбаев.
Атап өтерлік жайт, арыз иелері жасы жеткен зейнеткерлерге, соның ішінде ведомстволық награда — «Шахтер даңқы» құрмет белгісін иеленген адамдарға берілетін арнаулы әлеуметтік пакетті қарастыруды да сұрап отыр. Хатқа қол қойған азаматтардың бірнешеуі кен өндіру саласында тер төккен майталмандарға берілетін «Шахтер даңқы» төсбелгісінің иегерлері екен.
Анықтағанымыздай, бір «Богатырьдың» өзінде төрт бірдей кәсіподақ ұйымы бар. Олар — «Богатырь Көмір» жергілікті кәсіподағы» ҚБ, «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлерінің «Бірыңғай кәсіподағы» БПҰ, «Қазкөміркәсіподақ» көмір өндірушілер салалық кәсіптік одағының» «Жергілікті Екібастұз көмір кәсіптік одағы» ҚБ және Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Екібастұз аумақтық кеңесінің «Богатырь Көмір» БПҰ. Кәсіпорындағы 6 мыңнан астам қызметкерді олар өзара бөлісіп отыр.
Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Екібастұз аумақтық кеңесінің «Богатырь Көмір» БПҰ төрағасы Николай Поповтың ойынша, қауіпті және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арналған жоғарыдағыдай төлем республика тарапынан бекітіліп, елдегі әлгіндей өндіріс орындарының барлығына бірдей қолданылуы керек. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімі керек.
— Бұл мәселеден хабардармыз, еңбек ұйымының басшысы да жақсы біледі. Алайда кәсіпорынның ұжымдық шартында кәсіптік төлем туралы анық жазылмағандықтан бұл жағдайда олар тартынып отыр. Мәселені Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы мен жауапты министрлік бірлесе талқылай отырып, шешуі керек деген пікірдемін. Жалпы ауыр еңбек жағдайында 55 жастан зейнетке шыққанда екі айлық еңбекақы мөлшеріндегі кәсіптік төлем барлығына бірдей төленуі тиістігі туралы норма керек сияқты. Бұл туралы ұсыныстарымызды Астанаға жеткіздік. Алдағы күндері мәселе шешіледі деп күтіп отырмыз, — дейді ол.
Ал Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров азаматтардың талап-тілектері орынды екенін айтады.
«Елу бес жастан зейнетке шыққан адамдардың бәріне кәсіпорын нақты зейнет жасына жеткенше белгілі көлемде арнайы төлем төлеп отырады. Бұл төлем олар ауыр жұмыс орындарына тұрса тоқтатылуы мүмкін. Компанияның ұжымдық шартында арнайы төлеммен зейнетке шыққандарға біржолғы әлеуметтік төлем жүргізу туралы тармақ қарастырылмаған. Бұл — кәсіподақтың қатесі. Оны әу баста ескеріп, заңға өзгерістер енгізіліп жатқанда өз мүшелерінің құқығын қорғаса болар еді. Салдарынан осындай мәселе туындап отыр. Біздің департамент серіктестіктегі барлық төрт кәсіподақпен байланысып, оларға жұмыс берушіге ұсыныспен шығып, сөйлесу керектігін түсіндірдік. Әзірше нәтиже байқалмайды. Атқарушы орган болғандықтан, қалыптасып отырған жағдайға біздің мекеме араласа алмайды. Тоқетері бұл түйткілді салалық кәсіподақтар ғана тарқата алады», -деген жауап алдық департамент басшысынан.
Қазіргі уақытта наразы топ еңбек инспекциясына тиісті құжаттарын әзірлеп, қайта жүгінуге дайындалып жатыр. Дегенмен бізді атағынан ат үркетін кәсіпорынның үркердей топты осыншама сарсаңға салып, тіпті хаттарына жауап беруге немқұрайлы қарап отырғаны таңғалдырады.