Оқиға 26 қазан күндіз болған.
Жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автобус айып тұрағына қойылды.
«26 қазанда «Zhong Tong» маркалы бағдарлы автобусты жүргізіп келе жатқан ер адам аялдамада жолаушыларды отырғызу және түсіру кезінде жол ережесін сақтамай, автобустың алдында тұрған әйелді қақты. Жол-көлік оқиғасынан кейін ол оқиға орнынан кетіп қалып, қозғалысты жалғастырды», - деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінен.
Полиция оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастады. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалды шешім қабылданады.
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, науқас аурухананың қабылдау бөліміне жабық бассүйек-ми зақымы, мидың жеңіл соғылуы, кеуде қуысының жабық жарақатымен түсті.
Оған өкпенің және көкірек органдарының контузиясы диагнозы қойылды. Табаны мылжаланған.
Жәбірленуші жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Көп қан жоғалтты. Әйелге қан құйылып, шұғыл ота жасалды.
«Сұмдық жағдай болды, анамды автобус қағып кетті. Ол әдеттегідей бейсенбі күндері газет сатып алу үшін «Мечтаға» шыққан еді... Анама ота жасалды, жағдайы өте ауыр: миы шайқалған, екі аяғының табаны мылжаланған, ашық сынық, ішкі мүшелері мен көкірегіне зақым тиген. Жақын жерде болып, оған көмектескендер, байланысқа шығуларыңызды сұраймын», - дейді жәбірленушінің қызы Светлана Васлишина.
Әйел жол-көлік оқиғасының куәгерлерін табу үшін бейнеүндеу түсірді.
Белгілі болғандай, жедел жәрдемді өтіп бара жатқан адамдар шақырған. Қызының айтуынша, 103 қызметіне бейтаныс бала хабарласқан.
Ол әлеуметтік желі арқылы баланың анасына алғысын айтты.