Екібастұзда азаматтардың жаппай улануына қатысты сот үкімі шықты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Сот мейрамхана иесіне бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады және қоғамдық тамақтану саласында қызметпен айналысуға тыйым салды.
Екібастұзда азаматтардың жаппай улануына байланысты дауға нүкте қойылды.
Атап айтқанда, 2024 жылдың 14-16 сәуір күндері аралығында Астана, Қарағанды, Павлодар және Екібастұз қалаларындағы медициналық мекемелерге тамақтан улану белгілерімен 56 азамат жүгінген. Олардың Екібастұз қаласындағы мейрамханада өткен тойға қатысқаны мәлім болған.
- Зардап шеккен адамдардың санына байланысты тергеу басталған сәттен бастап қылмыстық іс Екібастұз прокуратурасының бақылауында болды. Процессуалдық прокурорлар тағайындалды, сараптамалар ұйымдастырылды, тергеу тобының шығуы ұйымдастырылды. Екібастұз қалалық сотының үкімімен кінәлі тұлғаға қоғамдық тамақтану саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сондай-ақ сот кінәлі азаматтың еркіндігін бір жылға шектеді. Зардап шеккендер сот шешіміне қанағаттанды, тек мейрамхана иесі сот үкімін қайта қарау үшін шағымданды,-деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында Екібастұзда тойға жиналған қонақтар тамақтан жаппай уланып қалды.
Ал қараша айында тамақтан уланып қалған 16 адам Екібастұздағы «Grand Hall» мейрамханасының иесінен жалпы сомасы 6 млн теңге талап етіп, сотқа ұжымдық талап арыз түсірді.
Кейін сот шешімінен тамақтан уланғандарға мейрамхана иесі 5 млн теңгеден астам өтемақы төлейтін болды.