Екібастұзда дауылдан зардап шеккен әйелді құтқару мүмкін болмады
АСТАНА.KAZINFORM — Құлаған ағаш әйелді басып қалып, дәрігерлер бес күн бойы оның өмірі үшін күресті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 76 жастағы әйел Екібастұз қалалық ауруханасына 19 маусым күні дауыл кезінде жеткізілген.
Жәбірленушінің өзі жеке үйдің ауласында құлаған ағаш астында қалып қойғанын түсіндірді. Кеншілер қаласының тұрғыны көптеген жарақатпен жансақтау бөліміне жатқызылды.
— Қарқынды емдеуге қарамастан, алған жарақаттарының ауырлығына, сондай-ақ созылмалы аурулардың (жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті) болуына байланысты науқастың жүрегі тоқтап қалды. Ол реанимацияда бес күн жатты, — деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Айта кетейік, 19 маусымда Павлодар облысында дауыл соғып, жүздеген ағаш құлап, ғимараттардың шатырын жұлып кеткен болатын. Дәрігерлер 16 адамның, оның ішінде үш бала зардап шеккенін хабарлады. 19 маусым күні Ақсу қаласында қатты желден құлаған ағаш әйелді мерт қылды.