Екібастұзда ер адамның екпеден кейін қаза болуына байланысты тексеріс басталды

Фото: Report.az

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Екібастұздағы жеке клиникада екпе алып, кейін қайтыс болған 40 жастағы ер адамның өліміне байланысты тексеруді бастады.

Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми сайтында хабарланды. 

— Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті тәуелсіз сарапшыларды (терапевт дәрігер, анестезиолог-реаниматолог, травматолог) тарта отырып, Екібастұз қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі қаулысының негізінде пациенттің маршруты бойынша медициналық ұйымдарда тексерулер жүргізіп жатыр, — деп мәлімдеді комитеттен.

Тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар құқықтық баға беру және процестік шешім қабылдау үшін Екібастұз қаласы полиция басқармасының тергеу бөліміне жолданатын болады.

Бұған дейін Екібастұз тұрғыны аяғына салынған инъекциядан кейін қайтыс болғаны туралы жазғанбыз. 40 жастағы ер адам қыркүйек айында жеке клиниканың көмегіне жүгінген. Арада бір апта өткенде ер адам аяқ астынан дүниеден озған.