Екібастұзда көлік жөндейтін стансада өрт шығып, екі көлік жанып кетті

Фото:Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Екібастұз қаласында орналасқан техникалық қызмет көрсету стансаларының бірінде өрт шығып, ішінде тұрған көліктер өртенген. Екі көлік жанып кетсе, тағы екеуіне зақым келген.

Бұл туралы Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.

- 24 желтоқсан күні сағат сағат 18.15-те Екібастұз қаласында бірқабатты ТҚҚС жанып жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен. Шақыруға барған өрт сөндірушілер жалпы ауданы 60 шаршы метр болатын ғимарат пен ішінде тұрған 4 көліктің жанып жатқанын анықтады. Өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт жедел түрде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, өрттің себебі мен келтірілген залалы анықталып жатыр, - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен. 

Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Жалынды сөндіруге төтенше жағдай департаментінің күштері мен құралдарынан 11 қызметкер және 4 техника жұмылдырылды.

Белгілі болғандай, тілсіз жаудың салдарынан 2 көлік жанып кеткен. Тағы 2 көлік өрттің ыстық лебінен зақымданған.

Еске сала кетейік, Павлодарда пәтер өртеніп, зейнеткер көз жұмған еді.