Екібастұзда прокурорлар ауыл шаруашылығы жерлерінің заңсыз берілуінің жолын кесті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз қаласының прокуратурасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру бойынша өткізілген конкурс кезінде заң бұзушылықтарды анықтаған.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Тексеру барысында конкурсқа қатысушылардың кейбірі ауыл шаруашылығы техникасының және білікті мамандардың бар екендігі туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынғаны белгілі болды. Бұл конкурстық өтінімдерді бағалау нәтижелеріне әсер еткен.

— Конкурс қорытындыларын зерделеу кезінде 4 лот бойынша заң бұзушылықтар анықталып, соның салдарынан жалпы көлемі 2 мың гектардан асатын жер учаскелері заңсыз бөлінген. Атап айтқанда, екі шаруа қожалығы конкурстық құжаттамада бірдей ауыл шаруашылығы техникасын және еңбек ресурстары туралы бірдей мәліметтерді көрсеткен, — деп хабарлады Павлодар облыстық прокуратурасынан.

Прокуратураның наразылығы бойынша жер комиссиясының шешімімен аталған лоттар бойынша конкурс нәтижелері жойылды. Жер учаскелері қайтадан конкурсқа шығарылды.

Еске сала кетейік, Ақмола облысында прокурорлардың ықпалымен 788 гектар жер мемлекетке қайтарылды