Екібастұзда заңсыз балық аулағандар ұсталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Уылдырық шашу кезеңіне байланысты тыйымға қарамастан су айдындарында ау құрып жүргендер азаяр емес. Соңғы аптада екібастұздық полицейлер екі бірдей көлікті тоқтатып, заңсыз ауланған балықты анықтады.
Екібастұздық полицейлер Стэлла-Екібастұз автожолында ВАЗ-21214 маркалы автокөлікті тоқтатып, жүк салғышынан жалпы салмағы 120 килограм балық тапқан. Келесі күні УАЗ-3163 маркалы автомашинадан бір қап балық пен бес дана ау құралдарын анықтады.
«Балық аулау ережелерін, сондай-ақ балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін екі азамат та әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Ал балық ресурсына келтірілген залал көлемі қосымша есептеліп жатыр», - деді Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Екібастұз өңіріндегі полицейлер соңғы бір ай көлемінде балық аулау ережелерін бұзу бойынша 13 фактінің жолын кескен.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында 15 сәуір – 30 мамыр аралығында балық аулауға уақытша тыйым салынған.
Фото: