Екібастұзда жаңғыртылып жатқан жылу магистралі 300-ден астам тұрғын үйдегі жылудың жақсаруына әсер етеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Екібастұз қаласындағы негізгі жылу желілерінің бірі – ТМ-16 магистралы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауқымды реконструкциядан өткізіліп жатыр.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Екібастұз қаласында аялдап, ТМ-16 магистралындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

ТМ-16 жылу магистралы 1996 жылдан бері үздіксіз пайдаланылып келеді. 30 жылға жуық уақыт ішінде желінің нақты тозу деңгейі 90%-ға жеткен. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы уақытқа дейін бұл учаскеде 28 зақымдану оқиғасы тіркелсе, оның 12-сі тек гидравликалық сынақтар кезінде анықталған. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында биыл көктемде магистралды қайта құру жұмыстары басталды.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың дерегінше, жоба аясында қаланың негізгі жылу артериясының ТК-26Л нүктесінен ТК-22К нүктесіне дейінгі аралығы толық жаңартылады.

- Екібастұз қаласы бойынша бүгінде жылу желілерінің тозуы 88,6 % болып отыр. Жаңғырту бағдарламасы бойынша қазір жалпы ұзындығы 4,2 шақырым болатын жылу желілері жаңартылып жатыр. Ұзындығы бір шақырымға жуық бұл учаскеде құбырдың шартты диаметрі 630 мм-ге дейін кеңейтіледі. Бұл қала тұтынушыларын тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы сметалық құны - 1 млрд 123,2 млн теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстарын биылғы 20 тамызға дейін, яғни жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланған, - деп атап өтті ол.

Мамандардың есебінше, құбыр диаметрін ұлғайта отырып жүргізілген модернизация аталған учаскедегі ықтимал апаттық жағдайларды 0%-ға дейін төмендетуге тиіс. Бұл өз кезегінде технологиялық бұзушылықтарды толық жойып, қыс мезгілінде қаладағы 358 тұтынушыны (оның ішінде 100-ден астам көппәтерлі және 200-ден астам жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік нысандар бар) жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз етеді.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында облыста қазіргі уақытта жалпы құны 21,6 млрд теңге болатын 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал 2025-2027 жылдары жалпы саны 55 жобаны іске асыру көзделген. Барлық жобаға жалпы сомасы 131 млрд теңге қаражат жұмсалады. Өңір бойынша жылу желілерінің орташа тозу деңгейі қазіргі күні 78,2 %, 2027 жылы ол 1,6 %-ға төмендеуі керек.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қанат Бозымбаев республика бойынша тозығы жеткен коммуналдық желілерді жаңарту жұмыстары Үкіметтің қатаң бақылауында екенін жеткізді. ТМ-16 магистралындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын көріп, сапаға мән беруді тапсырды. Екібастұздағы бұл нысан - «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта іске асырылып жатқан 4 ірі жобаның бірі екеніне назар аударды.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 

- Әр облыстағы жергілікті монополист компаниялардың желілерді жаңарту жөніндегі жеке инвестициялық бағдарламалары болуы тиіс. Ол бағдарлама бюджеттік бағдарламалармен үйлесім тауып отыруы да міндет. Сәйкесінше, қанша желі тозғаны, қанша жерге жөндеу анықталады. Ең бастысы коммуналдық желілерді жаңарту ісінде алға жылжу бар. Ендігі арада бұл жұмыстарды тек үдере түсуіміз керек, - деп тапсырды Қанат Бозымбаев.

Үкімет басшысының орынбасары Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Ақсу мен Павлодар қалаларындағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарымен де танысуы жоспарланған. Сондай-ақ түстен кейін облыс орталығында Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Жобалық кеңсенің көшпелі отырысы өтеді. Жиынға Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстары әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, елімізде жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша әкімдіктерге тапсырма берілді.