Екібастұзда жеке компания домофон тарифін негізсіз көтерген

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Кеншілер қаласында биылғы мамыр айынан домофон қызметі үшін төлем 550 теңгеден 700 теңгеге өсіп кеткен. Монополияға қарсы ведомство тарифтің негізсіз көтерілгенін анықтады.

Өңірлік бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің хабарлауынша, тарифтің айтарлықтай өскеніне екібастұздық тұтынушылардың өздері шағымданған. 2025 жылдың мамыр айында абоненттер үшін домофон компаниясының қызметі бірден 150 теңгеге өсіп, 700 теңге болған. Домофондарға техникалық қызмет көрсетудің жаңа мөлшерлемесі Павлодар облысы бойынша ең жоғары тариф екені анықталып отыр.

– Қандай да бір шара қолданбас бұрын, біз жеке кәсіпкердің нарықта шынымен үстем жағдайға ие екеніне көз жеткізуіміз керек болды. Ол үшін нарыққа талдау жасап, тергеуге шықтық. Рәсім барысында қызмет берушіде тарифті көтеруге мәжбүр ететіндей жағдайлар тіркелмеді. Тергеу қорытындысы бойынша ол 6 млн теңгеге жуық негізсіз монополиялық табыс тапқаны анықталды, - дейді департаменттің тергеу бөлімінің басшысы Әлия Тұрсынбаева.

Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер монополияға қарсы қызметтің тергеу қорытындысы бойынша шығарған шешіміне сотқа шағым түсірген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақсулық монополист қатты қалдықтар бойынша тарифті 21%-ға азайтуға мәжбүр болды.