Кеше түнде Екібастұзда «Лада» маркалы жеңіл көлік көшеде кетіп бара жатқан екі скутерді соққан. Оқиға салдарынан кәмелет жасына толмаған төрт бала зардап шекті.
- 1 сәуір күні Екібастұз қаласындағы М.Әуезов көшесі бойында «Лада 2115» маркалы жеңіл көлік жол қозғалысының ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневр жасаған. Осылайша, Самурай маркалы екі скутерге жол бермей, соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы кезінде кәмелет жасына толмаған 4 жасөспірім зардап шекті. Олардың екеуі жүргізуші, екеуі жолаушы. Жедел жәрдем қызметі барлығын ауруханаға жеткізді,-деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Апаттық жағдай тудырған жеңіл көлік арнайы тұраққа қойылған. Қазіргі уақытта оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, Павлодарда скутерге мінген екі жасөспірім Камазға соғылып көз жұмды.