Екібастұзда жекенің жылқысын жайылымнан ұрлады деген күдікке ілінген жылқышы ұсталды. Ол барымталап алған үй жануарын базарға апарып сатып жіберген. Арам жолмен тапқан ақшасын жеке мақсатына жұмсап та үлгерген.
- Мал ұрлығы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция ауыл тұрғындарын өз малдарын қараусыз қалдырмауға, ауыл шаруашылығы жануарларын мүмкіндігінше сәйкестендіруге (чиптеу, таңбалау және биркілеу), мүмкіндігінше малға GPS-трекер орнатуға шақырады, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Полиция бұған қоса қазіргі уақытта «Мал ұрлаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатқанын жеткізді. Тәртіп сақшылары 400-ден астам автокөлікті, ет сататын 219 орынды және 510 шаруа қожалығын тексеріп шыққан. Нәтижесінде тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың 23 дерегі және ілеспе құжаттарсыз ет өнімдерін өткізудің 6 дерегі тіркелген. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Малы иесіз жүрген 52 тұрғынға айыппұл салынып, 800-ге жуық бас мал мамандандырылған мал қораларына қамалды.
Еске сала кетейік, Алматы облысында 20 млн теңгенің малын ұрлаған барымташылар ұсталды.