Екібастұздағы Data алқап Қазақстанның табысын қалай арттырады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның энергетикалық орталықтарының бірі саналатын Екібастұз енді цифрлық инфрақұрылымның ірі алаңына айналады. 2029 жылға қарай мұнда қуаты 1 ГВт-қа жететін деректерді өңдеу орталықтарының (DATA орталықтар) кластерін құру жоспарланып отыр. Үкімет бұл жобаны не үшін қолға алды? DATA алқап озық технологияның иелеріне жұмыс алаңын ұсынып қана қоймай, өз технологиямызды дамытуға мүмкіндік аша ала ма? Kazinform сарапшысы осы сұрақтарға жауап іздеді.

Фото: Kazinform / ЖИ

Жаңа есептеу қуаттары не үшін қажет болды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту ісін Қазақстан экономикасын жаңғыртудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр. Data Center Valley жобасы елдегі есептеу қуатына деген сұранысты қамтамасыз етіп, осы стратегияның бір бөлігі болуға тиіс.

Data орталықтар Қазақстанға таңсық дүние емес. Банктердің, ұялы байланыс операторларының, ірі компаниялар мен мемлекеттік органдардың өз дата-орталықтары бар. Алайда олардың басым бөлігі тар бейінді ішкі қажеттіліктерге қызмет көрсетеді.

Қазір елімізде 30 мыңнан астам серверлік тірек орны бар. Оның шамамен 4 мыңы коммерциялық мақсатта пайдаланылып, жалға беріледі. Бұл қуаттардың 90 пайыздан астамы қолданыста.

Мұның өзі деректер орталығына сұраныс жоғары екенін көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, қаржы секторы мен бизнестің ақпараттық жүйелерін дамыту, бұлтты сервистердің кеңеюі және деректер көлемінің артуы жаңа қуаттарға деген қажеттілікті күшейтіп отыр.

- Инфрақұрылымды кеңейту қажеттігі анық байқалады. Бұған, ең алдымен, Қазақстанның қаржы секторын, мемлекеттік басқару жүйесін және басқа да салаларды цифрландыруда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуі себеп. Мұндай сервистердің бәрі сенімді есептеу инфрақұрылымын қажет етеді. Ақпарат көлемі, транзакциялар саны, корпоративтік ақпарат жүйелері мен бұлтты сервистер өңдейтін деректер көлемі өсіп келеді. Осының бәріне ақпаратты сақтау мен өңдеуге, сондай-ақ бизнестің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қажетті қуат керек, – дейді QazTech ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолин.

Жасанды интеллектінің дамуы да есептеу қуатына деген сұранысты арттырып отыр. Үлкен тілдік модельдерді үйрету және миллиондаған пайдаланушының сұранысын өңдеу үшін орасан зор ресурс қажет. Тіпті кейбір компанияларға шетелдегі дата-орталықтардың қызметін пайдалану арзанырақ болуы мүмкін. Ал ақпаратты елден тыс жерде сақтауға немесе өңдеуге болмайтын салалар да бар.

- Қазақстанның өз аумағында инфрақұрылым орналастыру айрықша маңызды болатын бағыттар бар. Бірінші кезекте мемлекеттік ақпарат жүйелері, қаржы ұйымдарының корпоративтік деректері және аса маңызды инфрақұрылымға қатысты ақпарат та осы санатқа жатады. Сондай-ақ ақпаратты бақылау талаптары жоғары сервистердің ел ішінде тұрғаны маңызды, – дейді Е. Питолин.

Фото: Kazinform / ЖИ

Таңдау неге Екібастұзға түсті?

Қуатты Data орталықтарға арналған арнайы аймақтар құру міндетін Президент Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған болатын. Ол үшін электр энергиясымен қамту, салқындату жүйесі және қауіпсіздік мәселелерін шешу қажеттігін атап өткен. Осындай жобалардың бірі Екібастұз энергетикалық бассейнінің базасында құрылатын «Деректер орталықтары алқабы» болмақ.

Алаңның Екібастұзда орналасуы ең алдымен энергетикалық мүмкіндіктерге байланысты. Мұнда еліміздегі ең ірі электр станцияларының бірі – «Екібастұз ГРЭС-1» тұр. Қысы суық климат серверлерді сыртқы ауамен салқындатуға мүмкіндік береді. Ал халықаралық байланыс арналарының дамуы Қазақстанды әлемдік цифрлық инфрақұрылымға қосуға жағдай жасайды.

Жобаға жалпы аумағы 1,4 мың гектар жер бөлініп, қуаты 215 МВт қосалқы станция сатып алынған. Жобаға қатысушыларға жеңілдетілген тариф, инвестициялық және салық жеңілдіктері қарастырылған.

Үкімет мәліметінше, Data Center Valley жобасының бірінші кезеңінде жалпы қуаты 304 МВт болатын үш нысан салынады.

Қуаты 68 МВт болатын алғашқы Data орталықтың іргетасы қаланып, инфрақұрылымдық ғимараттарының құрылысы басталған. Оны 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

Қуаты 164 МВт болатын екінші нысан – Firebird AI-ға құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілуге тиіс. Ал қуаты 72 МВт үшінші Data орталықты сол жылдың төртінші тоқсанында іске қосу көзделген.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қазан айының ортасындағы мәліметіне қарағанда, құрылыс алаңында 300-ден астам маман мен 60-тан астам арнайы техника жұмыс істеген. «Қазақтелеком» АҚ бірінші нысанның инфрақұрылымын жобалау және салу жөнінде келісімшарт жасалғанын хабарлады. Бұдан кейін есептеу жабдықтарын орнату және іске қосу кезеңі басталады.

Жобаны бірнеше қатысушы бөліп қаржыландырады. «Қазақтелеком» АҚ ақпараты бойынша, инженерлік инфрақұрылымды оның еншілес құрылымы «КТ-ТЕЛЕКОМ» қаржыландырса, есептеу жабдықтарын Firebird сатып алады. Цифрлық даму министрлігі жобаның жалпы инвестиция көлемін шамамен 5 млрд доллар деп бағалаған.

Мұндай қаржыландыру үлгісі жобаның жұмыс істеу тәртібін де айқындайды: қазақстандық тарап ғимараттар мен инженерлік инфрақұрылымды салады, ал жобаға қатысатын компаниялар өз есептеу жабдықтарын орнатады.

Алайда құрылыс көлемінің ауқымды болуы Екібастұзды өздігінен ірі деректер орталығына айналдырмайды. Ол үшін нысандарды электр энергиясымен, байланыс және салқындату жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету керек.

Энергетикалық артықшылық және оның шектеулері

Болашақта қуаты 1 ГВт-қа дейін жетуі мүмкін кешенге ірі электр станцияларының маңында орналасудың өзі жеткіліксіз. Электр энергиясын жеткізетін желілердің қуаты, жабдықтау тұрақтылығы және энергия бағасының бәсекеге қабілетті болуы да маңызды.

Осы мақсатта «КТ-ТЕЛЕКОМ» бейінді ұйымдармен бірлесіп, қуаты 1 ГВт-қа дейінгі сыртқы электрмен жабдықтау схемасын әзірлеген. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, қазір бұл схема келісу кезеңінен өтіп жатыр.

Фото: Abalone Technology Group

Тағы бір назар аударатын мәселе – сатып алынған қосалқы станцияның қуаты мен жобаның бірінші кезеңіндегі нысандардың қажеттілігі арасындағы айырмашылық. Үкімет қуаты 215 МВт болатын қосалқы станция туралы хабарлаған. Ал бірінші кезеңдегі үш Data орталықтың жиынтық қуаты 304 МВт болады. Ресми материалдарда бұл екі көрсеткіштің өзара қалай үйлестірілетіні түсіндірілмеген.

Kazinform агенттігінің сауалына да KEGOC компаниясы нақты сан келтірмеді. Компания инвестор сыртқы электрмен жабдықтау схемасын келісуге ұсынуы керек екенін айтумен шектелген.

Электр энергиясының бағасы да маңызды. Ресми хабарламаларда жеңілдетілген тариф ретінде 1 кВт·сағ үшін 2,5 цент (шамамен 11,21 теңге) деген баға аталады. Министрлік 10-15 жылға арналған ұзақмерзімді келісімшарттар қатысушылардың электр энергиясына жұмсалатын шығынды алдын ала жоспарлауына мүмкіндік береді деп есептейді.

Электрмен жабдықтаудан бөлек, серверлерді салқындату мәселесі бар. ЖИ министрлігінің мәліметінше, ол үшін арнайы дайындалған жылу тасымалдағышы бар тұйық салқындату жүйесі қарастырылған. Ол сырттан су алуды қажет етпейді, яғни Қ. Сәтбаев атындағы каналдың суын пайдалануға да тәуелді болмайды. Салқындату жүйесінің тиімділігі электр энергиясына кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Үкімет дата-орталықтың жұмысын тоқтатпай-ақ инженерлік жүйелердің жекелеген бөліктеріне техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін салқындату жүйесін стандарт етіп енгізбекші. Әзірге мұның бәрі жобада көрсетілген сипаттамалар ғана. Олардың іс жүзінде қаншалықты орындалатыны нысандар іске қосылғаннан кейін белгілі болады.

Интернет трафик қайдан алынады?

Халықаралық компанияларға электр энергиясының бағасы ғана маңызды емес. Data орталықтарға үлкен көлемдегі деректерді жылдам әрі сенімді жеткізе алу үшін сапалы интернет керек. Сондықтан компаниялар инфрақұрылым таңдаған кезде байланыс арналарының өткізу қабілетіне, сигналдың кідіру уақытына және балама бағыттардың болуына назар аударады.

Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

15 қазанда Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен тартылған ұзындығы шамамен 380 шақырым Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін ресми түрде іске қосты.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин бұл желіні Азия мен Еуропа арасындағы деректерді жеткізудің қосымша бағыты деп атады. Оның айтуынша, жаңа байланыс желісі Қазақстандағы «Деректер орталықтары алқабын» дамытуға қажетті шарттардың бірі саналады.

Алайда халықаралық магистральдың іске қосылуы жеткіліксіз. Оны Екібастұзбен байланыстырып, болашақ кластер үшін бір-бірінен тәуелсіз резервтік байланыс бағыттарын да қарастыру қажет.

Жаңа қуаттарды кім сатып алады?

Data орталықтар электр энергиясы мен сенімді байланысқа қол жеткізген күннің өзінде, жобаның коммерциялық табысы тапсырыс берушілерге байланысты болады. Компаниялар өз жабдықтарын орналастырғаны немесе есептеу қуатын жалға алғаны үшін ақы төлеуге дайын болу керек.

«Қазақтелеком» Data Center Valley жобасын халықаралық технологиялық компанияларға арналған ашық алаң ретінде сипаттайды. Жобаға қатысушылар мұнда өз жабдықтарын орналастырып, оның жұмысына өздері жауап береді.

Жобаның технологиялық серіктестері қатарында NVIDIA мен Firebird AI аталып жүр. Алайда NVIDIA компаниясының жобаға қатысуы оның дата-орталықтардың тапсырыс берушісі немесе операторы болатынын білдірмейді.

Үкімет мәліметінше, бірнеше халықаралық компаниямен 480 МВт есептеу қуатын орнату туралы алдын ала келісім жасалған. Қажет болған жағдайда бұл көлемді 620 МВт-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Тағы үш компаниямен 240 МВт қуат бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Кейін бұл көрсеткішті 420 МВт-қа дейін арттыру көзделген. Әлеуетті серіктестер қатарында Gaw Capital, Boosteroid, Firebird, Aleria, Energy Capital Global және China Energy компаниялары бар.

Қазақстанның Data орталықтары және бұлтты сервистер операторлары қауымдастығының бас директоры Светлана Черненко сұраныстың қарқынын бағып отыруға болмайды деп есептейді. Себебі Data орталықтарды салуға көп уақыт кетеді, ал деректер көлемі мен есептеу қуатына деген қажеттілік жылдам өсіп жатыр.

- Деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамытуда нақты сұраныстың болуы емес, дайын инфрақұрылымның болуы маңызды. Бұл нарықта, керісінше, ұсыныс сұранысты қалыптастырады. Сондықтан инфрақұрылым әлемдік технологиялық үрдістерді ескере отырып, болашаққа бағдарланып салынуы керек, – дейді ол.

Сондықтан ірі жобаларды бірнеше кезеңге бөліп іске асыру болашақтағы сұраныстың өсуіне алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Бірақ барлық қуатты бір мезетте іске қосуды қажет етпейді. Алғашқы нысандардың жүктемесі артқан сайын жобаны одан әрі кеңейтудің қаншалықты орынды екені айқындала түседі.

- Инфрақұрылым сұраныстан жылдам даму керек, бірақ оның ауқымы ақылға қонымды болғаны жөн. Жобаның артық қуатпен салынған-салынбағаны нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу арқылы анықталады. Бүкіл жоба бірден пайдалануға берілмейді, – деп түсіндіреді С. Черненко.

Халықаралық компанияларға арзан электр энергиясын ұсыну да жеткіліксіз. Оларға есептеу қызметінің бәсекеге қабілетті бағасы, сенімділік, қауіпсіздік және қызмет көрсетудің кепілдендірілген сапасы қажет.

NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредиан да клиенттер қызметті тұтас бағалайтынын айтады. Оларға есептеу өнімділігі, қол жеткізу мүмкіндіктері, қауіпсіздік, байланыс сапасы, техникалық қолдау және баға қатар маңызды.

Болашақта бұл қуаттарды жасанды интеллект әзірлеушілері, кәсіпорындар, университеттер мен бұлтты сервистер провайдерлері пайдалана алады. Олар жасанды интеллект модельдерін үйретіп, компанияларға арналған AI сервистерін әзірлеу, ғылыми есептеулер жүргізу және өнеркәсіптік модельдеу жұмыстарын жүргізеді.

Ішкі нарықтың сұранысы да маңызды. «Қазақтелеком» мемлекеттік органдар, қазақстандық компаниялар, университеттер, ғылыми ұйымдар мен стартаптар жаңа есептеу қуаттарын пайдалана алатынын мәлімдеді.

Ал деректердің қауіпсіздігі серверлердің Қазақстан аумағында орналасуымен шектелмейді. Отандық компаниялар жаңа қуаттарды пайдаланып, өздерінің цифрлық қызметтері мен өнімдерін әзірлей алуы керек. Бұл ел ішінде сұраныс қалыптастырып, инфрақұрылымдық жобаны жергілікті технологиялық нарықтың дамуымен байланыстырады.

Фото: Kazinform / ЖИ

«Data алқап жұмыстың басы ғана»

Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Data алқапта болашақта қанша маман жұмыс істейтіні әзірге анықталған жоқ. Бұл көрсеткіш салынатын нысандардың санына, орнатылатын жабдыққа және автоматтандыру деңгейіне байланысты.

Satbayev University Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының мамандары қолданыстағы білім беру бағдарламалары мұндай кадрларды даярлауға негіз бола алатынын айтады. Алайда Data орталықтарды пайдалануға және оларға техникалық қызмет көрсетуге арналған жеке мамандану бағыты әзірге жоқ. Қосымша мамандану үшін 6-12 ай жеткілікті болуы мүмкін. Бірақ жасанды интеллект жүйелеріне қызмет көрсететін ірі Data орталықтарда өз бетінше жұмыс істеу үшін тағы бір-екі жыл практикалық дайындықтан өту қажет.

Бұл мәселе жобаның мерзіміне байланысты да өзекті. Өйткені алғашқы Data орталық 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосылуға тиіс.

Бұл инфрақұрылым өзіміздің жасанды интеллект индустриямыздың негізіне айналу үшін бағдарламашылар, зерттеушілер, кәсіпкерлер және осы қуаттарды пайдаланып, жаңа өнім шығаратын компаниялар да қажет.

NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредианның айтуынша, жасанды интеллектіге арналған ірі Data орталықтың салынуы ұлттық AI индустрия қалыптасты дегенді білдірмейді. Қазақстан өз инженерлік, ғылыми-зерттеу және кәсіпкерлік әлеуетін дамытпаса, шетелдік жабдық пен технологиялық шешімдерді сатып алушы ел болып қалу қаупі бар.

- Инфрақұрылым – жұмыстың бастамасы ғана. Оның нақты құндылығы сол инфрақұрылым арқылы қандай өнім жасалатынына байланысты. Қазақстанға бұл жүйелерді сенімді басқара алатын инженерлер, есептеу қуатын пайдалы қосымшалар мен сервистерге айналдыратын бағдарламашылар, зерттеушілер және кәсіпкерлер қажет, – дейді ол.

Жобаның алғашқы кезеңі Екібастұздың ірі деректер орталығына айналуға қаншалықты дайын екенін көрсетеді. Энергетикалық жүйе қажетті қуатты қамтамасыз ете ала ма? Халықаралық байланыс тұрақты жұмыс істей ме? Нақты тапсырыс берушілер табыла ма? Қажетті білікті мамандар жеткілікті бола ма? Осы сұрақтарға жауап алғашқы нысандар іске қосылғанда белгілі болады.

Оған 2029 жылға қарай қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін кластер құру жоспарының орындалуы да байланысты.

KPMG бағалауынша, жоба толық іске асқан жағдайда жыл сайынғы экспорттық түсім 3,1 млрд долларға жетуі мүмкін. Ал 20 жыл ішіндегі жиынтық инвестиция көлемі 115 млрд доллар болуы ықтимал. Алайда бұл – болжамды көрсеткіштер. Олардың орындалуы Data орталықтардың қаншалықты жүктелетініне және Қазақстанның есептеу қызметтерін сыртқы нарықтарға сата алуына байланысты.