Биыл облыстың энергожүйесіндегі бес энергиялық блок пен турбиналарды, 15 қазандықты күрделі жөндеу жоспарланған.
Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Қуат Есімханов Екібастұз қаласының жұртшылығымен кездесуде айтты.
Кездесу барысында Павлодар облысы елімізде электр энергиясын өндіру бойынша бірінші орында тұрғаны және республикадағы барлық электр энергиясының шамамен 40% - ын қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді. Облыстың электр станцияларының белгіленген электр қуаты - шамамен 8 000 МВт. Жыл басынан бері электр энергиясын өндіру көлемі 20,2 млрд кВт сағатты құрады. Өңірдегі электр желілерінің ұзындығы 17 мың шақырымнан асады.
«Қазіргі таңда Екібастұз МАЭС-1-де №1 энергия блогы қалпына келтірілуде, бұл стансаның қуатын 4000 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның аяқталуы биылға жоспарланып отыр. Ал Екібастұз МАЭС-2-де №3 энергоблок салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру стансаның қуатын 2027 жылы 1 520 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобаны іске асыру құрылыс кезеңінде шамамен 1 400 жұмыс орнын және пайдалануға берілген соң 350-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Қ.Есімханов.
Еске сала кетейік, Екібастұздағы кәріз коллекторын жөндеуге 5,2 млрд теңге қажет.
Екібастұздағы электр стансасы 640 млн теңгенің салығын төлемей келген.