Әкімнің айтуынша, ірі кәсіпорындарда кешенді ecofriendly шешімдер енгізіліп жатыр.
Ал жаңа салынып жатқан немесе құрылысы басталатын зауыттарда ең заманауи, экологияға зияны аз технологияларды қолдану талап етіледі.
– Мысалы, соңғы бір айда Екібастұзда ашылған екі жаңа ферроқорытпа зауытында 99,8% зиянды заттарды ұстай алатын заманауи гибридті сүзгілер орнатылды. ERG тобының төрт ірі кәсіпорнында 178 млрд теңге көлемінде кешенді экологиялық шаралар атқарылуда. Бұл аталған қалдықтарды 50 мың тоннаға, яғни 57%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді, – деді А. Байханов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Алдағы уақытта, 2026-2031 жылдары осындай шараларды Павлодар мұнай-химия зауыты, облыстық жылу-энергетикалық орталықтары және Екібастұздағы МАЭС-1 мен МАЭС-2 зауыттарында енгізу жоспарланған.
Сонымен қатар, Павлодарда алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені салынып жатыр. Онда пластик, металл, қағаз және шыны қалдықтары қайта өңдеуге тапсырылады.
– Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге, қуаты 150 мың тоннаны құрайды. Оның 20%-ы пластик пен полимерлерді өңдеуге арналған. Бұл кешен келесі жылдың мамырында іске қосылады және өңірде тұрмыстық қалдықтарды тиімді әрі экологиялық жолмен қайта өңдеуге мүмкіндік береді, – дейді А. Байханов.
Айта кетейік, Павлодарға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Осы нәтижемен өңір республикада 2-ші орында тұр.