ЕҚДБ Air Astana компаниясының 5 пайыз акциясын сатып алды

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық қайта құру және даму банкі IPO аясында Air Astana әуе компаниясының 5 пайыз акциясын сатып алды.

Фото: Air Astana

«Еуропалық қайта құру және даму банкі флагмандық қазақстандық Air Astana әуе тасымалдаушының акцияларына 41,99 млн доллар (39,02 млн еуро) инвестиция салып, елдегі акцияларды бастапқы жария орналастыру арқылы жартылай жекешелендіруге қолдау білдірді. ЕҚДБ инвестициясы Air Astana әуе компаниясы акциясының 5 пайыздық топтамасын қамтиды», - делінген банктің ресми сайтында жарияланған ақпаратта.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Лондонда Air Astana акциялары сатылымға шығарылды. Ал ертең KASE мен AIX алаңдарында сатыла бастайды. 

Компания акциясының баға диапазоны ғаламдық депозитарлық қолхаттар ( мұнаны ары - ҒДҚ) үшін 8,50-ден 11,00 АҚШ долларға дейін және акция үшін 2,13-тен 2,75 АҚШ долларға дейін белгіленді. ҒДҚ мен акция үшін ұсыныстың түпкілікті бағасы орналастырудың баға диапазонында болады. ҒДҚ базалық активі компанияның жай акциялары саналады. Бұл ретте бір ҒДҚ базалық активі - 4 (төрт) акция. Акцияның түпкілікті бағасы теңгемен белгіленеді және баға жарияланған күннің алдындағы күні қолданыста болатын Қазақстан Ұлттық банкінің (ары қарай – «ҚҰБ») ресми бағамы бойынша 4 (төртке) бөлінген және теңгемен айырбасталған ҒДҚ үшін түпкілікті бағаға тең. KASE және AIX акцияларына инвесторлардың өтінімдері теңгемен берілуге тиіс.