ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі аудандық №2 сотының үкімімен Ш. деген азамат ҚР ҚК 200-бабы 3-бөлігі, 345-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, алты жыл бас бостандығынан айырылды.
Сот төрағасы Ибрагим Ниязғалиевтің айтуынша, сонымен бірге ол көлік құралын басқару құқығынан бес жылға айырылды.
Аталған тұрғын Е. деген азаматпен алдын ала сөз байласып, ортақ таныстарының автокөлігін ұрлау мақсатынсыз айдап кетіп, ірі мөлшерде залал келтірген. Онымен қоймай, сол күні Ш. мас күйінде әлгі автокөлікпен Шымкент-Самара жолы бойында Теректі ауданы Барбастау ауылы тұсында қарсы бетке шығып кетіп, басқа бір көлікпен соқтығысуға жол берген. Соның салдарынан өзі айдаған автокөліктегі жолаушы мен қарсы келе жатқан автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).