Жол көлік оқиғасы Алматы қаласындағы солтүстік айналма жолында түнгі сағат екілер шамасында орын алған. Осы ауданның 20 және 22 жастағы екі тұрғыны жаяу жүргіншілер жолағы белгіленген жерден көшенің арғы бетіне өтіп бара жатқан, осы мезетте аса үлкен жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан «Ауди» маркілі автокөлігі оларды қағып кеткен.
«Темір тұлпар тізгінін ұстаған бұл азамат жаяу жүргіншілерге алғашқы медициналық көмек көрсетудің орнына оқиға орнынан қашып кеткен. Бәлкім тез арада көмек көрсетілгенде марқұм болғандардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болар ма еді? Алайда жаяу жүргіншілер жол үстінде қансырап жатып қалған. Мұны осы маңнан өтіп бара жатқан басқа жүргізушілер байқап қалған. Өкінішке қарай, бұл мезетте олар оқиға орнында жан тәсілім еткен еді. Кейінірек үйлеріне қайтып келе жатқан екі жас жігіт Алматының тұрғылықты тұрғындары екендіктері анықталды»,-деді Алматы қаласы ІІД Жол полиция басқармасы бастығы полиция полковнигі Арман Сарбасов.
Ал, бұл уақыт ішінде жол полициясының іздестіру бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел іздестіру тобы құрылған. Олар оқиға орнында жатқан бүлінген көліктің бөлшектерін жинап, сараптамаға жөнелткен, соның нәтижесінде, небәрі екі сағат ішінде аталмыш көліктің маркасы мен түсі анықталған. Одан кейін, қаламызда тіркелген осы іспеттес көліктерді тез арада тексеру жұмыстары жүргізіле бастайды.
«Таңғы сағат бестер шамасында біздің қызметкерлер «Алтын бесік» ықшам ауданының бір тұрғынының жеке басын және оның тіркелген көлігін тексеруге келеді. Оның ауласында алдыңғы бөлігі бүлінген, қан іздері бар темір тұлпар қаңтарылып тұрады. Ешкімнің назарын аудармас үшін ол көлігін қымтап жауып қойған. Жазықсыз екі адамның өмірін қиған ол алаңсыз ұйқы құшағында жатқан. Бұл дегеніміз көлік иесінің жауапкершілігінің, азаматтық ар-ұятының мүлдем төмен екендігін көрсетеді. Ал, «Ауди» автокөлігі заңды түрде тәркіленіп, оның 23-жасар жүргізушісі темір торға тоғытылды»-деп баса айтты А.Сарбасов.
Ал өз кезегінде жол сақшылары қандайда бір жол көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен кез-келген жүргізушіге тағылатын айып, басқа жазаларға қарағанда қатаң екендігін ескертіп, азаматтарды жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жол үстінде абай болуға шақырды.