Екі аптада 7 146 елордалық ЖРВИ жұқтырған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Екі апта ішінде 7 146 елордалық жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Бұл туралы бас шаһар әкімдігінің баспасөз алаңында баяндама жасаған Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың 29 қыркүйектен 12 қазанға дейінгі аралығында елорда тұрғындары арасында жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 7 146 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде 8 416 жағдай тіркелген еді. 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіштерді салыстыру кезеңінде осы маусымның сырқаттану көрсеткіші 19 пайызға төмен екені анықталды», - деді Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, Астана қаласында жыл бойы тұмауға ұқсас вируспен ауырғандардан талдаулар алып, оларға генетикалық зерттеу жүргізетін 8 медициналық ұйым бар.

«Мұндай жұмыстар қаладағы эпидемиологиялық жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Осылайша, ағымдағы эпидемиологиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған 14 адамнан Б тұмауы анықталды. Тексеру нәтижесінде пациенттерден COVID-19 вирусы анықталған жоқ», - деп атап өтті Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.

Сархат Бейсенованың мәлімдеуінше, биылғы эпидемиологиялық маусымда 247 жүкті әйел, 14 жасқа дейінгі 4 140 бала және 1 жасқа дейінгі 66 нәресте ЖРВИ жұқтырған.