Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда 32 жастағы Екатерина Парафиева әлі де ауыр халде жатыр.
«Пациент Орталық клиникалық ауруханада жатыр. Оған кеше ота жасалды. Жағдайы динамикалық тұрғыда жақсы. Бірақ, әлі де ауыр халде жатыр. Жиналған консилиум дәрігерлері келіншектің 2 аяғын да тілерсектің жоғарғы тұсынан кесіп тастауды ұйғарды. Ол әлі де қарқынды терапия бойынша ем алып жатыр», - деді баспасөз қызметінен.
Мекеменің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қазіргі таңда науқасты емдеуге елдегі ең мықты мамандар шақырылды. Оған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша ем жасалуда. Қажетті дәрі-дәрмекпен де қамтылып жатыр.
«Сондықтан, қандай да болмасын ақша жинаудың қажеттігі жоқ», - деді баспасөз қызметінен.
Айта кету керек, жол апаты Әл-Фараби даңғылында болған. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry көлігін автобус соққан. Соққыдан Toyota Camry көлігінің артқы бөлігі ұшып келіп Honda CRV көлігін соғады. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалған.
Қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркелді.
Қайғылы оқиғаға байланысты желіде жапа шеккен қыздың туғандары арнайы шот ашып, ақшалай көмек сұрай бастаған. Медициналық мекемелердің хабарлағанындай, бұған еш қажеттілік жоқ.