Екі баласына пышақ салған Қостанай тұрғыны 6 жылға сотталды

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен екі баласын пышақтаған Қостанай қаласының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, әйелдер мен балаларға арналған бейімдеу орталығының жатақханасында тұратын келіншек ас үй пышағымен 2016 және 2018 жылы туған жас балаларын пышақ салған. Кейін ол өзінің білегін кесіп, ауруханаға түскен.

«Бастапқыда сотталушы кісі өлтіруге әрекет жасады деген айыппен сотқа тартылды. Алайда, сот талқылауы барысында прокурор айыптауды «Денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабына өзгертуді сұрады. Зардап шеккен балалардың өкілдері прокурормен келісті. Осыған байланысты айыптау шешімі өзгерді. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді. Сот жарыссөздерінде прокурор 6 бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігі санкциясы 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Сотталушының бұрын жауапқа тартылмағанын ескере отырып, сот орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады» делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.