Екі қар көшкіні Қырғызстандағы жолдарды жауып тастады

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бүгін Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар минстрлігінің сайтында 12-17 ақпан аралығында республиканың бірқатар өңірлерінде ауа райының тұрақсыз салдарынан туындайтын ескертулер жарияланды.

Ауа райының шұғыл өзгеруіне байланысты елде мол жаңбыр жауып, қар еруі сел жүруіне және су тасқынына душар етуі мүмкін. Әсіресе, Шу, Талас, Ош, Жалалабад және Баткен облыстарында төтенше жағдай туындауы ықтимал.

Осыған байланысты ҚР ТЖ министрі Қуатбек Боронов шұғыл кеңес өткізіп, жергілікті басқару органдарымен бірлесіп, алдын алу шараларын күшейтуге тапсырма берді.

11 ақпандағы жағдай бойнша қардың күрт еруі салдарынан Талас облысының Қара-Бұрын ауданының Аманбаев ауылында 60-қа тарта үй мен 25 қора-қопсыны, 13 үйдің жертөлесін су басты. 1,5 шақырымдық ішкі шаруашылық жолдары зардап шекті.

Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, 12 ақпанда қардың күрт еруінен Қарасу өзені арнасынан асып, Талас облысының Бақай-Ата ауданындағы өзгеріс ауылы тұрғындарының қора-қопсысын су басты. Оқиға орнында ҚР ТЖМ жедел тобы жұмыс жасауда.

Соңғы тәуліктерде Жалалабад облысының Шатқал ауданындағы Қызылтау-Ақташ және Алабұқа-Қаныш-Қия-Кировка автожолдарында қар көшкіні болғаны атап өтілген. Қызылтау-Ақташ автожолының 8 шақырымын көлемі 300 текшеметрлік қар көшкіні басып қалған. Алабұқа-Қаныш-Қия-Кировка автожолы учаскесіне де көлемі 2000 щшаршыметр қар көшкіні түсті. Жолдарды тазалауға техника жұмылдырылуда. Қазіргі кезде көлік құралдарының қозғалысы қалпына келтірілді. Құрбан болғандар туралы мәліметтер түскен жоқ.