Екі мыңнан астам полиция мен әскери қызметшілер Астана тыныштығын күзетуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жыл мерекесінде ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының 2000 полиция және әскери қызметшісі тәулік бойы қоғамдық тәртіпті күзетуде, деп хабаралйды ҚазАқпарат қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде Астана қаласы Ішкі істер департаментінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшті, қала көшелері мен қоғамдық орындарындағы жасақ құрамы артты. Оған Астананың ІІД жеке жұрамы толығымен шығарылды және ҚР Ұлттық гвардиясының әскери қызметшілері тартылған. Тәулік бойы ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының 2000 полиция және әскери қызметшісі қоғамдық тәртіпті күзетуде», - делінген ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен тәулікте қылмыстық сипаттағы 50-ден астам құқықбұзушылық тіркелген, негізінен көңіл көтеру орындарында мобильді құрылғылар мен жеке заттар ұрланған. Оның ішінде 12 іс ізі суымай ашылды. Қала тұрғындары мен қонақтарының жаппай қыдыру орындарындағы жіті бақылаудың арқасында өрескел құқықбұзушылықтарға жол берілмеді.

Сондай-ақ, өткен түні елордада 23 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан екі адам түрлі дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жатқызылды. Қаза тапқандар жоқ.