«Айыппұл салу деген әкімшілік кодекспен реттеледі. Бергі жағынан алатын болсақ, әскери-медициналық тексеруге келмегені үшін 5 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ондай айыппұл күнделікті жұмыста салынып жатқанын айта кету керек. Ал енді 1000 АЕК-ке дейінгі айыппұл осы күнге дейін екі облыста салынған. Павлодар облысында және Қостанай облысында жақында сондай айыппұл арқалағандар болды. Одан басқа әскерден жалтарғандарға қылмыстық жауапқа тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Ардақ Кукатов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, Ардақ Кукатов оған дейін Қазақстанда осы жылы 35 мың жас жігіт әскерге баратынын мәлім еткен болатын.
«2019 жылдың көктемінде жылдағыдай ҚР Қарулы Күштеріне, басқа да әскери құралымдарға кейінге қалуға және шақырылудан босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды шақыру жоспарланып отыр. Мерзімді әскери қызмет бойынша алдымен шекара қызметіне сарбаздар шақырылады. 2019 жылы жалпы 35 мыңға тарта адамды шақыру көзделуде. Оның 17,5 мыңы осы көктемде, тағы 17,5 мыңы күзде әскер қатарын толықтырады. Атап айтқанда, шекара қызметіне 7,5 мың адам, ҚР Қарулы күштеріне 13 мыңға тарта адам, мемлекеттік күзет қызметіне 600 адам, ұлттық ұланға 13 мың адам барады», - деді ол ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.