ОРАЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат - БҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі жасар қызын өрттен кейін қираған үйге тастап кеткен белгілі бір тұрағы жоқ 24 жасар әйелді ата-аналық құқығынан айырды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған қыз бала биыл жазда иесіз, қаңырап тұрған үйден табылған. Үсті-басы лас, аш жүрген қыз балалар ауруханасына жатқызылып, бір айдан кейін балалар үйіне ауыстырылды. Сол мезгілде оны ешкім іздеп келмеген. Әйел болса маскүнемдікке салынып, бейберекет ғұмыр кешкен.
Қамқоршылық органдары әйелді ата-аналық құқығынан айыру жөнінде сотқа шағым түсірді. Сотқа күшпен жеткізілген әйел мас болды, үстіне ер адамның киімін іле салған.
Сот оны ата-аналық құқығынан айырып, алимент өндіру жөнінде шешім шығарды. Баланың тағдырын енді қамқоршылық органдары шешетін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).